
Дрондар шабуыл жасаған Орынбор газ өңдеу зауыты газ қабылдауды бастады, Қарашығанақтағы өндіру көлемі қайта қалпына келіп жатыр. Энергетика министрлігі осындай хабарлама таратты.
«Орынбор газ өңдеу зауыты қазақстандық кен орнынан шикі газ қабылдауды қайта бастады. Жобаның операторы 19 қазандағы оқиғаға дейінгі штаттық деңгейге жету үшін газ өндіру көлемін біртіндеп арттыруда. Шикізат қабылдаудың уақытша тоқтатылуы мен өндірудің қысқартылуы елдің ішкі нарығын газбен қамтуға кері әсер етпеді. Қазақстандық тұтынушылар алдындағы барлық міндеттемелер толық орындалды және орындалуын жалғастырады», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
19 қазанда Ресейдің Орынбор облысындағы газ өңдеу зауытына украиналық дрондар шабуылдаған. Соның салдарынан Қарашығанақ кен орнында өндіріс 25-30%-ға қысқарды. Себебі зауыт Қазақстаннан шикізат қабылдауды уақытша тоқтатқан еді.
Осы жағдайдан кейін Қарашығанақта отандық газ өңдеу зауытын салудың қажеттілігі тағы да айқын сезілді. Министрлік жобамен «ҚазМұнайГаз» айналысатынын, қазір техникалық параметрлері келісіліп жатқанын хабарлады.
«Қарашығанақта отандық газ өңдеу зауытын салу – стратегиялық маңызға ие жоба ретінде белгіленген. Бұл жобаны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жүзеге асыратын болады. Қазіргі уақытта зауытты кен орнының қолданыстағы инфрақұрылымына қосу бойынша техникалық параметрлер келісіліп жатыр», – деп хабарлады ведомство.
Орынбор газ өңдеу зауыты – әлемдегі ең ірі газ өңдеу кешендерінің бірі. Кәсіпорын елден шикі газды арзанға сатып алып, өңделген көгілдір отынды қайта бізге үш есе қымбат бағаға сатады.