Банк пен қаржы

Жұманғарин келесі жылы инфляция 9%-ға, 2027 жылы 6%-ға түседі деп болжайды

Фото: ашық дереккөзден

Инфляция болжамы 2026 жылы 9%-11%, 2027 жылы және 2028 жылы орташа 6% деңгейінде болады. Үкімет отырысында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай деп мәлімдеді.

Ал ЖІӨ өсімі 2026 жылы 5,4%, үш жыл ішіндегі орташа өсімі 5,3 % құрайды деген болжам бар. Номиналды жалпы ішкі өнім 2026 жылғы 183,8 трлн теңгеден 2028 жылы 229,8 трлн теңгеге дейін өседі. 

Болжам бойынша, өңдеу өнеркәсібі инвестициялық жобалардың арқасында 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін өседі.
Алдағы үш жылда орташа өсім:

  • тау-кен өндірісінде – 2,8%,
  • ауыл шаруашылығында – 3,9%,
  • құрылыста – 11%,
  • көлікте – 10,1%,
  • саудада – 6,7%.

Экспорт көлемі 2026 жылғы 77,1 млрд доллардан 2028 жылы 83,7 млрд долларға, импорт – 67,7 млрд доллардан 75,2 млрд долларға дейін артады деген болжам бар.

Қыркүйектегі дерек бойынша, елдегі инфляция деңгейі 12,9% болды. Сарапшылар 2025 жылдың аяғы, 2026 жылдың басында инфляция шарықтау шегіне жетеді деп болжайды.