Жаңалықтар

Президент, парламент және мәслихат сайлауы қашан өтеді

Фото: shutterstock

Қазақстандағы ең ірі саяси науқандар 2027 және 2028 жылдарға жоспарланған, ал 2026 жылы елде ірі сайлау өтуі екіталай. Kursiv.Media, бюджеттен бөлінетін қаражатқа қарап, президент, парламент және мәслихат сайлауы қашан өтетінін болжауға тырысты.

Сайлау өткізуге бөлінген ақша

22 қазанда Мәжіліс «2026 – 2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын бекітті. Құжат Қаржы министрлігінің сайтында жарияланды.

Заң жобасында алдағы үш жылда Қазақстанда сайлау өткізу шығындары да көрсетілген. Үкімет жоспары бойынша, 2026 жылы Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) бюджеттен 12,6 млрд теңге алады. 11,2 млрд теңге сайлау өткізуге, соның 4,7 млрд теңгесі сайлау қызметін қамтамасыз етуге жұмсалады.

Сайлау шығындары графикасы

📊 Сайлау өткізу шығындары

2026-2028 жылдарға арналған жоспарланған бюджет

11.2 млрд
2026 жыл
21.9 млрд
2027 жыл
26.6 млрд
2028 жыл

Одан әлдеқайда қомақты қаражат 2027 және 2028 жылдарға жоспарланған. Атап айтқанда, 2027 жылы ОСК бюджеттен 23,3 млрд теңге алады. Қаражаттың 21,9 млрд теңгесі сайлау ұйымдастыруға, соның ішінде 15,4 млрд теңгесі сайлау қызметін қамтамасыз етуге жұмсалады.

Ал 2028 жылы бюджеттен сайлау комиссиясына шамамен 28 млрд теңге бөлінеді. Оның 26,5 млрд теңгесі сайлау өткізуге кетеді.

Осыдан-ақ Қазақстанда алдағы үш жылда ең ірі саяси науқандар 2027, 2028 жылдары ұйымдастырылатынын аңғару қиын емес.

Қай сайлау қашан өтеді

Қыркүйектің басында президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенатты таратып, бір палаталы парламент құруды ұсынған. Мемлекет басшысы осы мәселе бойынша референдумды 2027 жылы өткізу керек деп есептейді.

Олай болса, әуелі референдум, одан соң парламент сайлауы ұйымдастырылады. 2024 жылы АЭС-ке қатысты референдумға шамамен 15,5 млрд теңге кеткенін ескерсек, бір палаталы парламент мәселесі 2027 жылы дауысқа салынуы мүмкін. Халық қолдап жатса, парламент сайлауының өзі 2028 жылы өтеді.

Не болмаса, бюджет тапшылығын ескере отырып, референдумды көп шығынсыз 2026 жылы өткізіп, одан кейінгі жылы сайлаудың өзін ұйымдастыруы да мүмкін. Сол кезде 2028 жылды мәслихат сайлауына қалдырады.

Президент сайлауы туралы айту әзірге ерте. Өйткені ел басқарып отырған Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкілеті 2029 жылғы 20 қарашада аяқталады. Сол себепті президент сайлауын өткізуге қатысты бюджет 2028 жылдың аяғында ғана қабылданады.

Ескерте кететін бір жайт, уақытынан бұрын сайлау өткізу туралы саяси шешім қабылданып жатса, бюджеттен қосымша қаражат қарастыру мәселесі ел үкіметі үшін аса қиын емес шаруа.