
2026 жылы республикалық бюджеттен қазақ тілінің ұлттық сөздік қорын құру жобасына 111 млн теңге бөлінеді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов жазды.
Бұрынғы оқу министрінің айтуынша, қазақ тілінің ұлттық сөздік қоры жобасы 2026 жылы іске қосылады. Арнайы заң былтыр қабылданған. Енді оған оған бюджеттен қанша ақша бөлінгені мәлім болып отыр.
«Бұл – қазақ тілінің барлық лексикалық қазынасын біріктіретін заманауи ақпараттық жүйе. Жобаға 111 млн теңге бөлінді. Бұл қор – қазақ тілінің бірізділігін, қолдауын қамтамасыз ететін маңызды құрал», – деп сипаттады экс-министр.
Оның пікірінше, бастама мемлекеттік тілдің цифрлық дамуына үлкен серпін береді.
«Әртүрлі салалардағы – құқықта, білімде, ғылымда, технологияда – қолданылатын терминдер мен сөздердің мазмұны мен жазылуын біріздендіру үшін бұл қор біртұтас, жүйеленген, ресми цифрлық лексикалық база рөлін атқарады. Ол білім беру, аударма, мемлекеттік құжаттар, жасанды интеллект жүйелері мен бағдарламаларда қазақ тілінің дұрыс әрі стандартты қолданылуын қамтамасыз етеді».
Аймағамбетов «тілді нақты іспен қолдау маңызды» деп есептейді.
Бұған қоса, депутат 2026 жылы Республикалық физика-математика мектебіне (РФММ) бөлінетін қаражат ұлғайғанын атап өтті.
«РФММ – еліміздегі ең мықты мектептердің бірі. Бірақ басқа мектептермен салыстырғанда оның қаржыландыруы төмен. Әсіресе, тамақтану мен интернаттағы балалардың жағдайы қиын.
Кейінгі жылдары мектеп тек ақылы қызмет есебінен жұмысын ұстап келген. Сондықтан біз 1,6 млрд теңге бөлуді қолдадық – мұғалімдердің еңбекақысын төлеу және оқушылардың тамақтануы мен тұру жағдайын жақсарту үшін», – деп жазды депутат.
Жекелеген жобаларға ақша бөлінгенімен, Үкімет 2026 жылы білім мен ғылым саласына бөлінетін қаражатты шамамен 100 млрд теңгеге қысқартып отыр.
Бұған дейін Kursiv.Media 2025 жылы елде білім гранттары әлдеқайда аз бөлінгені туралы жазған.