
Құрама Штаттар президенті Дональд Трамп бастаған топ Қазақстанда вольфрам өндірісі төңірегіндегі келіссөздерге қатысып жатыр. Кен орындағы байлық миллиардтаған долларға бағаланады. Бірақ оған қазақ үкіметінің қолдауына ие бір қытай компаниясы да таласып жатыр. Бұл туралы Bloomberg жазды.
Келіссөздерге Ақ үй араласты
Басылымның мәліметінше, Трамп әкімшілігі әлемдегі ең ірі вольфрам қорларының бірін америкалық компанияға алып беруге күш салып жатыр. Пентагон вольфрамды қару-жарақ жасау үшін пайдаланады.
Bloomberg дереккөздерінің айтуынша, АҚШ сауда министрі Говард Лютник америкалық Cove Kaz Capital Group LLC пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының келіссөз жүргізуіне көмектескен. Дереккөздер АҚШ үкіметі осы келіссөздерде арағайындық қызмет атқарып жүргенін жеткізді. Оның үстіне жоба федералдық мекемелер арқылы қаржыландырылуы мүмкін.
Cove Kaz Capital Group LLC – Қазақстанда тау-кен жобаларымен айналысатын америкалық инвестициялық компания.
«Келіссөз шарттары әзірге белгісіз, бірақ АҚШ осы келісім үшін кредит беруі мүмкін. Трамп әкімшілігі әзірге осы кәсіпорыннан үлес алуға ұмтылып отырған жоқ. Осы мәліметті аты-жөні аталмағанын қалаған бір америкалық шенеунік айтты», – деп жазды Bloomberg.
Дереккөздің мәліметінше, Cove Kaz Capital компаниясы «Самұрық-Қазынамен» келіссөз жүргізіп келе жатқанына бірнеше ай болды, бірақ мемлекет қолдауына ие бір қытай компаниясымен бәсекеге тап болды. Ол нарықтағыдан жоғары баға ұсынып отыр, деп жазды агенттік.
Қазақстандағы вольфрам қорлары
Дереккөздер мәліметінше, вольфрам қорларындағы байлық миллиардтаған долларға бағаланады. Әңгіме Жоғары Қайрақты және Солтүстік Қатпар кен орындары туралы болып отыр. «Тау-кен Самұрық» компаниясының сайтында жариялаған мәліметке қарағанда, бұл екеуінде 12,5 мың тонна вольфрам бар.
Аммоний паравольфрамның бір тоннасы шамамен 2,6 мың доллар тұрады. Алайда ВК8 түрінің бір келісінің бағасы 50 мың долларға дейін жетеді.
Дереккөздердің айтуынша, «Самұрық-Қазына» вольфрам өндірісі үшін түрлі тараптардың ұсынысын қарастырып жатыр, өйткені кен орындарының болашағы зор деп есептейді.
Трамп және Қазақстан
Дональд Трамп әкімшілігі жыл басында Қазақстанмен байланысын нығайта түскен. Құрама Штаттар Қазақстанға 4,2 млрд долларға локомотив сатуға рұқсат берген. Биыл қыркүйекте Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Лютник АҚШ-та кездескені мәлім. Алайда осы жүздесуде вольфрам жобасы сөз болған-болмағаны әзірге белгісіз.
Өткен аптада вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бастаған топтың Вашингтонға барғаны мәлім.
Екі күн бұрын Тоқаев Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі қызметіне Мағжан Ілиясовті тағайындаған.