
Қазақ кино өндірісінде қазір ренессанс дәуірі жүріп жатыр деуге болады. Өйткені прокатқа шыққан отандық фильмдерге халық ағылып барады, рекорд касса жинайды. Демек, қазақстандық жобалар басқаларын басып озып жатыр деген сөз. Қазір де кинотеатр кестесін қарасаңыз, қазақша туындыны көптеп көресіз. Оған қоса, онлайн-платформаларда да айтарлықтай рейтиң жинап жатыр. Kursiv.Media тілшісі «Кинопоиск» платформасындағы ТОП-ұсыныстар ішінен қазақша түсірілген, рейтиңі жоғары фильмдерді іріктеп назарыңызға ұсынады.
Qazaq Alemi
Жанры: комедия
Тілі: қазақша
Режиссері: Әбілқайыр Асар
Рөлдерде: Нұрлан Қоянбаев, Жалғас Елеусінов, Бағжан Данай, Рахат Ақнұр, Хаджиметова Зарина, Карлығаш Мұхамеджанова, Рамазан Амантай, Жан Байжанбаев
Кинопоисктегі рейтиңі: 7,9
Шыққан жылы: 2024
Ұзақтығы: 1 сағат 17 минут
Сюжеті туралы қысқаша: Ауылда тұратын Бейбіт пен Ермек есімді екі достың өмірі сипатталады. Олар бай болып, бақуатты ғұмыр кешсем дейді. Бейбіт өзінің ауылдасы Мадинаға ғашық. Сезімін білдіріп, ұсыныс жасауға барғанда ғашығы қабыл алмай қояды. Бірақ «егер белгілі кинопродюсер Нұрлан Қоянбаевтың мобилографы болып жұмысқа кірсең, ұсынысыңды қабылдаймын» деген шарт қойып, үміт береді. Содан Бейбіт ерік-жігерін жиып, осы мүмкіндікті жіберіп алмаудың амалын қылады. Жан досы Ермекпен бірге арман қала — Алматыға аттанады. Сол сапарда олардың басынан түрлі оқиға өтеді. Теледидардан көріп жүрген жұлдыздармен кездеседі, түрлі түсірілімге қатысады, қиындықтарға төтеп береді. Мадинаның жүрегін жаулау үшін басталған қадамдар кейіпкерлердің өмірлік қағидаларына айтарлықтай әсер етеді.
Байдың баласы
Жанры: отбасылық комедия
Тілі: қазақша
Режиссері: Абдусаид Шайхисламұлы
Рөлдерде: Ислам Бермағанбет, Ақболат Өтебай, Динара Мирасбек, Ғазиз Ерболат, Сабира Жарасқызы
Кинопоисктегі рейтиңі: ТОП-10 ішінде
Шыққан жылы: 2025
Ұзақтығы: 1 сағат 23 минут
Сюжеті туралы қысқаша: 13 жасар Арман — байдың баласы. Әкесі Әділ — мықты бизнесмен, анасы Меруерт болса баласының айтқанын бұлжытпай орындайды, әбден еркелетіп тастаған. Арманның ішкені — алдында, ішпегені — артында. Айналасына сөзі жүретін болғасын әбден бұзық болып кеткен. Содан бір күні Әділ мен Меруерт жұмыстарымен бір жаққа кетуі керек болып қалады да, баланы кімге тастарын білмейді.
Ойлана келе Әділдің бала кездегі досы, көпбалалы әке — Жәнібектің үйіне қалдыратын болып шешеді. Жәнібектер болса күнін әрең көріп жатқан, жұпыны үйде тұратын, қарапайым отбасы. Бұрын-соңды ондайды көрмеген Арман бұған қатты таңырқайды. Бір бөлмеде бірнеше бала болып жатып, ішкен тамағының ыдысын өзі жуып, үй жинауға көмектесуге мәжбүр болады. Мұның бәрі оған тың нәрсе болған еді. Басында біртүрлі көрінгенімен, бірте-бірте Арманның бойы үйрене бастайды. Әзіл-қалжыңы аралас, жылы сәттерге толы фильм. Басты құндылықтың ақша емес екенін жеткізуге тырысады.
Молда
Жанры: комедия
Тілі: қазақша, өзбекше
Режиссері: Абдусаид Шайхисламұлы
Рөлдерде: Жанболат Найзабеков, Дана Тұрарбек, Әнуар Шымырқұлов, Анаркүл Назарқұлова, Мадияр Серікбаев
Кинопоисктегі рейтиңі: 8,5
Шыққан жылы: 2025
Ұзақтығы: 1 сағат 37 минут
Сюжеті туралы қысқаша: Фильм бас кейіпкері — Мәке есімді жігіт, ол қылмыстық топтың мүшесі. Бір күні оған өте қауіпті бір шаруаға аттануға тапсырма береді. Бірақ екі ортада мәселелер туындап, қаладан қашу керек болып қалады. Бірақ барар жері, басар тауы жоқ. Өзі әлі бойдақ, отбасын құрмаған. Анасы бірнеше жыл бұрын өмірден өткен. Мәке тіпті анасының жаназасын шығаруға да бара алмаған. Содан қайда барсам деген ойланып, Өзбекстанға жолға шығады. Шекараға таяған кезде ойламаған жерден бір шағын ғана ауылдың мешітіне соғады. Сол жерде молынан қалып қояды.
Ауыл молдасы Абай ата — жасы келген, қарт кісі. Орнына кімді имам қылсам деген оймен жүрген. Бірақ қоятын адам таппайды. Өзінің денсаулығы да жақсы емес. Сөйтіп мешітке кірген Мәкені көрген бетте қуанып кетеді. Өйткені ол көмекші келген екен деп ойлап қалады. Артынша басқа адаммен жаңылыстырғанын біліп, қапалы болады. Дегенмен өмірде ештеңе бекерден-бекер болмайды. Мәке уақытша жасырыну үшін мешітті паналағанымен, уақыт өте келе өмірін де жақсы жаққа өзгерте бастайды, Алласын тани түседі.
Қолыңнан келсе, алып қаш
Жанры: комедия
Тілі: қазақша, өзбекше, орысша
Режиссері: Дархан Саркенов
Рөлдерде: Зарина Кәрмен, Айшолпан Байтүгел, Қанат Тасхан, Жансая Мұратбекова
Кинопоисктегі рейтиңі: ТОП-10 ішінде
Шыққан жылы: 2025
Ұзақтығы: 1 сағат 31 минут
Сюжеті туралы қысқаша: Самалдың жасы 35-те. Өзі өте ақжарқын, жағдайын жасап алған әйел. Әлі тұрмысқа шықпаған. Тіпті отбасын құруға асықпайды да. Ол өміріне дән риза. Самалдың Роза есімді таныс балгері бар. Соған жиі барады. Ол үшін соның ақ дегені — ақ, қара дегені — қара. Бір күні Роза оған жақын арада күйеу тауып, тұрмысқа шықпаса, өмірінде үлкен қиындық күтіп тұрғанын, бақытсыз болып өтуі мүмкін екенін айтады.
Содан балгердің сөзіне сенген бас кейіпкер қалайда күйеуге шығу керек деп бар амалын жасайды. Сол жолда ол бұрын спортпен айналысқан құрбысы Сезім мен астролог Катяны да іске кірістіреді. Сөйтіп олар тағдырына жазылған жігітті таппақ болып, шағын ғана ауылдан бір шығады. Тағдырдың белгісі екен деп Бақыт есімді жігітті жолықтырады. Ол да бойдақ екен. Самал жағдайды түсіндірмек болғанда Бақыт басын алып қашып, мұндай ойынға қатысқысы келмейтінін айтып түсіндіреді. Бірақ өліспей беріспейтін Самал көнбеген жігітті алып қашпақ болады.
Биік сезім
Жанры: комедия
Тілі: қазақша, өзбекше, орысша
Режиссері: Мақсат Оспанов
Рөлдерде: Тәуекел Мүсілім, Ерлан Пірімбетов, Аружан Бекболат
Кинопоисктегі рейтиңі: 7,6
Шыққан жылы: 2025
Ұзақтығы: 1 сағат 14 минут
Сюжеті туралы қысқаша: Аласа бойлы Биік есімді жігіттің өмірі баяндалатын фильм. Оның курьерлік компаниясы бар. Бірақ бойының тапал болғанынан үнемі ыңғайсыз жағдайға қалып қоя береді. Әсіресе, қызбен танысу оған қиямет-қайыммен тең. Бірде ол Айгүл деген қызға сезімін білдіреді, бірақ ол қабыл алмайды. Сөйтіп сол күні кешке Сезім есімді волейболшы қызбен танысып қалады. Сол сәттен бастап екеуінің өмірі өзгеріп сала береді. Кездейсоқ кездесіп қала береді, күлкілі оқиғаларға тап болады. Уақыт өте келе араларында сезім пайда бола бастайды.
Маған әке керек!
Жанры: комедия
Тілі: қазақша, ағылшынша, орысша
Режиссері: Алена Алмаз
Рөлдерде: Олжас Тоғымбет, Аида Құрманғалиева, Индира Сабирова
Кинопоисктегі рейтиңі: 7,4
Шыққан жылы: 2025
Ұзақтығы: 1 сағат 32 минут
Сюжеті туралы қысқаша: Дархан — кезінде дүркіреп тұрған сахна жұлдызы болған, қанша қыздың арманына айналған әнші. Қазір ол радиода бағдарлама жүргізеді. Бұрынғыдай қыж-қыж қайнаған қызу өмірі бәсеңдеген. Әлі бойдақ. Бірақ сол жүрісіне дән риза. Сүйікті ісімен айналысып жүр. Осылай күндердің күнінде қолында кішкентайы бар бір әйел үйіне іздеп келеді. Өзін «сіздің қызыңызбын» деп таныстырады. Ал қолындағы сәби — немересі-мыс. Бұл хабар Дарханға төбеден түскен жай сияқты әсер етеді. Себебі ол бойдақ өміріне әбден үйреніп қалған. Ата болуға еш дайын емес.
Қаншама жауапкершілік бар деп дал болады. Одан қала берді бәрін әке болудан емес, ата болудан бастаған да оңай соқпасы анық. Бастапқыда бұл фильм «Жап-жас ата» деген атпен шыққан еді. Өмірдің табанасты өзгеріп сала беруі мүмкін екенін көрсететін көңілді, бірақ ойландыратын комедия.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін 2025 жылы Холливудта шыққан үздік комедияларға шолу жасаған едік.