Жұлдыз Сүлейменова саясатқа қалай келді және оны кім қолдады

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бұл лауазымға келуге кімнің қолдауы болғанын және саясатқа қалай келгенін айтып берді.
Саясатқа қалай келді
Сүлейменова 2019 жылдан бастап елімізде ең алғаш рет әйел саясаткерлер үшін квота ашылғанын еске салды.
«Сол кезде менен партия (авт-«Аманат») «квота ашылып жатыр келесіз бе?» деп сұрады. Егер осы әйелдердің саясатқа қатысу квотасы болмағанда бәлкім мен саясатқа қадам баспас едім. Бүгінгі таңда мемлекет басшысының елдегі әйелдерді саясатқа қатыстыру және олардың саясатта шешім қабылдауда ықпалын арттыру реформалары негізінде деп атап өткім келеді»,– деді министр мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына.
Министр болуына кімнің ықпалы болды
БАҚ өкілі Жұлдыз Сүлейменовадан «Аманат» партиясының мүшесі болғандықтан мәжіліс спикері қолдап, министрлікке ұсынды ма деп сұрады.
«Мені қолдаған Мемлекет басшысы. Президенттің сенімі бар, алдыма қойған міндеті бар, сол міндетті сапалы орындау менің қазіргі таңдағы ұстанымым. Бұдан бөлек халыққа қызмет етуім керек. Басқа дүниені білмеймін. Менің артымда ешқандай адам жоқ. Мен осы уақытқа дейін адал еңбегіммен келдім, мүмкіндігінше адал еңбегіммен қызмет атқарғым келеді»,– деді Сүлейменова.
Еске салайық, 29 қыркүйекте Мемлекет басшысының Жарлығымен Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова ҚР Оқу-ағарту министрі қызметіне тағайындалды. Ол бұған дейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде заң шығару жұмыстарымен айналысып, жастар саясаты, білім беру мен әлеуметтік мәселелерге қатысты бірқатар ұсынысты алға тартқан.