Жаңалықтар

9 айда Қазақстаннан Еуропаға жеткізілетін мұнай көлемі 25%-ға қысқарған

Мұнай тасымалы 25%-ға қысқарды / фото: shutterstock

Қазақстан Каспий Құбыр консорциумы (КҚК) жүйесімен Ресей арқылы Еуропаға жеткізілетін мұнай көлемін 25%-ға қысқартты. Бұл дерек «ҚазТрансОйл» АҚ-ның 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларына арналған өндірістік нәтижесінде жазылған.

Компанияның мәліметіне сәйкес, КҚК арқылы тасымалданған мұнай көлемі 2 млн 513 мың тоннаны құрап, 2024 жылдың тоғыз айымен салыстырғанда 25%-ға төмендеген.

Ал «Өзен – Атырау – Самара» мұнай құбырының «Атырау – Самара» бөлігінде 7 млн 750 мың тонна мұнай жөнелтілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 4%-ға артық. «ТОН-2» учаскесі бойынша Қазақстан аумағында 8 млн 735 мың тонна мұнай тасымалданып, 2024 жылдың деңгейіне сай болды. Ал «Атасу – Алашанькоу» құбыры арқылы 8 млн 270 мың тонна мұнай жөнелтіліп, көрсеткіш 1%-ға төмендеді.

«ҚазТрансОйл» құжатында келтірілгендей, мұнайдың жиынтық жүк айналымы 33 млрд 921 млн тонна-шақырымға жетіп, өткен жылдың тоғыз айындағы нәтижеден 2%-ға жоғары болды. Компанияның магистральдық мұнай құбырлары жүйесі бойынша жеке жүк айналымы 26 млрд 495 млн тонна-шақырымды құрап, 1%-ға өсті. Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізілген мұнай көлемі 4%-ға артып, 13 млн 633 мың тоннаны көрсетті.

Биыл Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысы бірнеше рет тоқтаған. Ақпанда Украина дрондары КҚК-ның мұнай айдау станциясына соққы беріп, энергетикалық жабдықты зақымдады. Соның салдарынан мұнай айдау көлемі 30–40%-ға азайды. Бұл Қазақстан үшін айтарлықтай шектеу тудырды, себебі ел мұнай экспортының шамамен 80%-ын дәл осы КҚК арқылы жүзеге асырады.

Ал наурыз–сәуір айларында Ресейдің Көлік қадағалау қызметі 2024 жылғы желтоқсанда Керчь бұғазындағы мұнай төгілуіне байланысты жүргізілген тексерістен кейін Новороссийскідегі КҚК терминалындағы екі теңіз айлағын (ВПУ-1 және ВПУ-2) уақытша тоқтатты. Соның салдарынан танкерлерге мұнай тиеу көлемі шамамен 50%-ға қысқарды, бұл әлемдік ұсыныстың 1%-ына тең. 9 сәуірде инспекциялық тексеруден кейін ВПУ-1 жұмысы қайта жанданды.

«ҚазТрансОйл» АҚ «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының құрамына кіреді. Оның құбыр жүйесінің жалпы ұзындығы 5,2 мың шақырымды құрайды.