«Анама құмалақ аштырдым»: миллиардер Көпбаев Израильдегі бизнесті қалай сатып алды

Forbes-тің ең бай бизнесмендер тізімінде 52-орында тұрған миллиардер, Kusto Group негізін қалаушы Қанат Көпбаев бояу шығаратын Tambour компаниясын қалай сатып алғанын айтып берді. Бизнесмен келіссөзге бармас бұрын анасына хабарласып, құмалақ аштырған.
«Келіссөзге барар алдында анама хабарласып, ауылдағы құмалақшыдан сұрап көрші дедім. Тас сәтті түсіп, «бара берсін, Қанаттың жаңа жобасы жетістікке жетеді» деп айтқан», – деп еске алады кәсіпкер.
Tambour – Израильдің бояу және құрылыс материалдары нарығындағы ірі ойыншы. Kusto Group оны 150 млн долларға сатып алған. Қанат Көпбаевтың айтуынша, бояу шығаратын кәсіпорынды иесі айтқан бағадан 10 млн долларға қымбатқа алған.
Мәміле қалай басталды?
Kusto Group-тың Tambour-ға қызығушылығы кездейсоқ пайда болған. Қанат Көпбаевтың айтуынша, болашақ серіктестік Израильдегі Technion университетінде оқыған кездегі таныстықтан бастау алған.
«Біз о баста Израильге тек оқуға барғанбыз. Бір күні курс аяқталар тұстағы кешкі жиында жергілікті кәсіпкермен әңгімелесіп, елдің әлеуеті бізді қызықтыратынын айттық. Бізбен қоштасар сәтте ол телефон нөмірімізді сұрап алды. Арада біраз уақыт өткен соң, хабарласып, сатылғалы тұрған компания бар екенін айтты. Ол – Tambour болып шықты», – деді Көпбаев.
«10 млн доллар артығымен ұсындық»
Tambour-ды сатып алу оңай болмаған. Кәсіпкердің айтуынша, келіссөз басталар алдында компанияны британдық инвестициялық қор сатып алуға дайын тұрған.
«Біз мәмілені зерттей келе, бір қиындықты анықтадық. Tambour британдық ірі инвестициялық қордың бірімен келісім жасап қойған екен. Бұл қор активтерді сатып алып, оларды бөліп-жарып қайта сатуға маманданған. Соған қарамастан танысымыз біздің бір шансымыз бар екенін айтты», – дейді ол.
Израильдегі келіссөз: 15 минуттық мүмкіндік
Kusto Group өкілдері шұғыл түрде Израильге ұшып барып, он күн ішінде адвокат, кеңесші және банкирлермен келіссөз жүргізеді. Алайда компанияны тікелей иесімен келісе отырып сатып алуға мүмкіндік болған.
Tambour-дың иесі сол кезде Израильдегі ірі холдингтің негізін қалаушы, жасы 96-ға келіп отырған кәсіпкер болған. Келіссөзді оның күйеубаласы жүргізіпті.
«Бізге небәрі 15 минут уақыт берілді. Бастапқыда бізге ешкім назар аударған жоқ. Өзімізді таныстырып болғаннан кейін, «біз британдық қордан 10 млн долларға жоғары төлеуге дайынбыз» деп айттық. Сол кезде ғана ол бізге бұрылып: «Қай елден келдіңіздер?» деп сұрады», – деп еске алды Көпбаев.
Kusto Group мәміле барысында Tambour компаниясын бөлшектемей, сақтап қалуға уәде берген.
150 млн долларлық келісім
Сатушы тарап компанияны қазақстандық топқа сатуға келісім бергенімен, бір шарт қойған. Қазастандықтар 10 күн ішінде 10 млн доллар депозит енгізуі тиіс болды. Kusto Group талапты орындап, екі ай ішінде мәмілені жапқан.
«Біз компанияны 150 млн долларға сатып алдық. Tambour бүгінде Kusto Group-тың Израильдегі 100% еншілес кәсіпорны», – деді кәсіпкер.
Халықаралық экспансия және IPO жоспары
Ол кезде Tambour тек Израиль мен Иордания нарығында жұмыс істеді. Жылдық табысы шамамен 150 млн доллар болған. Мәміледен кейін компанияның стратегиясы түбегейлі өзгеріп, халықаралық нарыққа шыға бастады.
Kusto Group жоспарына сәйкес, Tambour компаниясы 2028 жылы IPO-ға шығуға тиіс. Сол уақытқа қарай компания табысының 50%-ы Израильден тыс аймақтардан түседі деп жоспарланған.
Бүгінде Tambour компаниясының жылдық айналымы 500 млн доллардан асады.