Жаңалықтар

Кәсіпкерлердің шағымынан соң, билік Көк базарға тексеріс жүргізбек

Көк базарды "Жасыл базар" деп аудару керек екенін айтқан қолданушы желіде сөзге қалды
Базар саудагерлері бірнеше миллион теңгеге дейін қолма-қол ақша берген / Фото: kursiv.media архиві

Алматыдағы «Көк базардың» кәсіпкерлері базар әкімшілігі тарапынан қысым көріп, миллиондаған теңге көлемінде «қолма-қол төлем» жасауға мәжбүр болғандарын мәлімдеді.

Саудагерлердің өкілі Ельдос Қыдырбаевтың айтуынша, соңғы екі жылда базарды басқару бірнеше рет ауысып, әр жаңа команда сауда орындарын «қайта бөлуге» кіріскен. Әкімшілік саудагерлерге нүктелерін босатуды талап етіп, оны күрделі жөндеумен түсіндіргенімен, іс жүзінде жөндеу жүргізілмеген.

«Орындарын сақтап қалу үшін кәсіпкерлер 200 мыңнан бірнеше миллион теңгеге дейін қолма-қол ақша берген. Төлем жасаудан бас тартқандар инвестициясынан айырылды. Кейбір әйелдер тіпті физикалық қысымнан кейін медициналық көмекке жүгінген», – делінген «Аманат» партиясының хабарламасында.

Партия хатшысы Ержан Жылқыбаев мәселені жедел қарауды тапсырды. Ол қалалық әкімдік, салалық департаменттер мен құқық қорғау органдарының қатысуымен арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.

Сондай-ақ базар басшылығынан жалға алу шарттары, қаржылық есептер және төлемдер туралы құжаттар сұратылмақ. Ал партияның қалалық бақылау комиссиясы депутаттар мен жалға алушылардың қатысуымен «Көк базарда» көшпелі жиын өткізіп, жағдайды талдамақ.

Айта кетейік, бұған дейін Көк базар жөнделіп, алдына субұрқақ орнатылатынын жазғанбыз. Ал Көк базарды «Жасыл базар» деп аудару керек екенін айтқан қолданушы желіде сөзге қалған еді.

Көк базар – Алматы қаласының ең көне әрі сүйікті орындарының бірі. Ол XIX ғасырдың аяғында жұмыс істей бастаған. Базар ғимараты бірнеше мәрте сүріліп, қайта бой көтерген, талай рет жөнделген.

Базарға қала тұрғындары емес, мегаполис қонақтары жиі барады. Ол блогерлер мен фотографтар жиі баратын орынға айналған. Себебі мұнда көкөніс пен ұлттық тағамдардың түр-түрі бар.