
Батыс Қазақстан облысының Бөрілі ауданында белгісіз дрон жарылып, Қызылтал ауылының тұрғындары дүр сілкінді. Оқиға таңертең болған.
Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың күшті болғаны соншалық, кейбір үйлердің шатыры ұшып кете жаздаған. Алдын ала мәлімет бойынша, дронға айтарлықтай қуатты жарылғыш зат байланған. Оқиға орнында пайда болған үлкен шұңқыр осыған дәлел.
Қазір оқиға орнында аудан әкімдігі, ТЖД және полиция өкілдері жұмыс істеп жатыр.
«Бөрілі ауданында ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтарына ұқсас заттардың табылуына байланысты тексеру шаралары жүргізілуде. Нысан елдімекен аумағынан тыс жерде табылған. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», – делінген полиция хабарламасында.
Министрліктің ресми түсініктемесі
Қорғаныс министрлігі оқиғадан кейін, әуе шекарасын бақылау шаралары күшейтілгенін мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының мемлекеттік шекараны рұқсатсыз кесіп өтуін болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылдады. Сондай-ақ бұл аппараттар тиесілі болуы мүмкін шетелдік серіктестермен консультациялар жүргізіліп жатыр», – делінген министрлік хабарламасында.
Айта кетейік, таңертең Ресейдің көршілес Орынбор облысында да ұшқышсыз ұшу аппараттарының қаупіне байланысты әуе дабылы жарияланған еді.