Екібастұздағы вагон шығаратын ірі зауыт банкрот болғалы тұр

Жарияланды
BUSINESS NEWS БӨЛІМІНІҢ ТІЛШІСІ
«Қазақстан вагон жасау компаниясы» жайлы сенаторлар премьер-министрге сауал жолдаған / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Екібастұздағы вагон шығаратын ірі зауыт – Қазақстан вагон жасау компаниясы тапсырыс болмағандықтан банкрот болғалы тұр. Осыны айтып Сенатта екі депутат дабыл қаққан. «Мемлекет ірі зауытты құтқара ма?» деген сұраққа Үкімет басшысы Олжас Бектенов жауап берді.

Еске сала кетейік, бұған дейін сенатор Ернұр Айткенов пен Алтынбек Нұхұлы 2011 жылы іске қосылған және жылына 2 500 вагон өндіруге арналған жобалық қуаты бар Екібастұз қаласындағы «Қазақстан вагон жасау компаниясының» жағдайы жөнінде премьер-министрге сауал жолдаған еді. Аталған компания – Қазақстандағы жүк тасымалдауға арналған жартылай вагондарды толық циклмен өндіретін жалғыз кәсіпорын. Зауыт іске қосылған сәттен бастап 10 мыңнан астам вагон шығарған.

«Алайда қазір жаңа тапсырыстардың болмауына байланысты кәсіпорын қызметкерлер санын 800-ден 150 адамға дейін қысқартуға мәжбүр болды, оның ішінде тек 35 қызметкер жұмысын жалғастыруда, қалғандары ақысыз еңбек демалысында. Зауыттың қызметі іс жүзінде тоқтап тұр. Бұл жағдай білікті кадрлардың жоғалуына, стратегиялық маңызды өндірістің банкротқа ұшырауына және өңірдегі әлеуметтік шиеленістің өсуіне әкелу қаупін тудырады», дейді олар.

Сенаторлар келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстанда 141 мыңнан астам жүк вагоны пайдаланылады. Олардың шамамен жартысын жартылай вагондар құрайды. Соның 13%-дан астамы белгіленген қызмет ету мерзімі (22 жыл) өтіп кеткеніне қарамастан, мерзімін ұзарту арқылы қолданыста қалып отыр. Мұндай тәжірибе апат қаупін арттырып, көлік жүйесінің тұрақтылығына қатер төндіреді. Осы мәселені айтқан екі сенатор Екібастұз қаласындағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС-ны отандық машина жасау саласының негізгі буыны ретінде сақтап қалу және әрі қарай дамыту шараларын қабылдауды, оған мемлекеттік қолдау тетіктерін әзірлеу және енгізуді, соның ішінде ұлттық операторлар есебінен өндірістік тапсырыстармен қамтамасыз етуді сұраған.

Бектенов не деді

Сенаторларға берген жауабында Үкімет басшысы Олжас Бектенов жүк вагондары паркін жаңарту және отандық өндірушілерді қолдау мақсатында мемлекеттік қолдау көрсетіліп жатқанын хабарлайды. Осыған сәйкес, отандық кәсіпорындарға салықтық және кедендік преференциялар, даму институттары арқылы жеңілдетілген несиелеу мен лизинг, сондай-ақ жаңа технологияларды енгізу, кадрлар даярлау және өнімді сертификаттау шығындарын өтеу көзделген.

Одан бөлек, биыл Астанада «Stadler Kazakhstan» зауыты іске қосылған. Онда 2030 жылға дейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» үшін 557 жолаушылар вагонын шығару жоспарланып отыр. Атырау облысында жылына 6 мың жүк вагоны мен цистерна өндіретін «Тексол Транс» зауыты пайдалануға берілген. Семей машина жасау зауытында жылына 600 жартылай вагон шығаратын жаңа өндірістік желі іске қосылған. Сондай-ақ Екібастұз қаласында дайын теміржол техникасы мен қосалқы бөлшектерін өндіретін өнеркәсіптік кластер құрылған. Stadler компаниясымен Қазақстан аумағында өндірісті жергіліктендіру шартымен жолаушылар вагондарын жеткізу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарттар жасалған. Сонымен қатар локомотив паркi жаңартылып жатыр. Бұл бағытта Wabtec, Alstom және CRRC секілді жетекші халықаралық өндірушілерден техника сатып алу жүзеге асырылуда. Ұлттық тасымалдаушы мен отандық кәсіпорындар арасында off-take келісімшарттар жасау мәселесі де қарастырылып жатыр.

«Қазақстан вагон жасау компаниясының» өндірістік қуатын жүктемемен қамтамасыз ету мақсатында 2025 жылғы 23 қыркүйекте Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ-ына және «ҚВЖК» ЖШС-не вагондарды ұзақ мерзімді off-take келісімшарттар арқылы сатып алу бойынша оңтайлы модель әзірлеу және енгізу ұсынылды. Бұдан бөлек, Павлодар облысының әкімдігіне жұмыс орындарын сақтау мәселесіне басымдық бере отырып, өңірлік деңгейде мемлекеттік қолдау шараларын көрсету мүмкіндігін қарастыру тапсырылды», дейді жауабында Бектенов.

Жалпы Көлік министрлігі жүк вагондарының белгіленген пайдалану мерзімінен асып кеткен жағдайда оларды пайдалануға тыйым салуды көздейтін құжатты күшіне енгізген. Бұл түзетулер 2025 жылғы 11 қазаннан бастап күшіне енген.

Сондай-ақ оқыңыз