2026 жылдың 1 шілдесіне дейін ипотека қымбат күйінде қалады

2026 жылдың 1 шілдесіне дейін ипотека қымбат күйінде қала береді. Себебі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 1 қараша қабылдануы тиіс қаулыны кейінге қалдырды, деп хабарлайды Kursiv.Media.
Мәселенің мәні
ҚНРДА ақпаратына сүйенсек, «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» жаңа қаулы әзірленген.
«Жобада «ЖТСМ шекті мөлшерлерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 16 тамыздағы № 62 және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2024 жылғы 19 тамыздағы № 45 бірлескен қаулысымен белгіленген, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) 25%-дан 20%-ға дейін төмендету туралы норманы 2026 жылғы 1 шілдеге дейін тоқтата тұру көзделеді», – делінген хабарламада.
Яғни осыған дейін 1 қарашадан бастап банктер ипотеканың жылдық сыйақы мөлшерлемесін 20%-дан көп өсірмеуі керек болған. Енді бұл қаулы 2026 жылдың шілдесінде бірақ күшіне енеді де, ол уақытқа дейін ипотеканың мөлшерлемесі 25%-ға дейін бола алады.
Себебі неде?
Реттеушінің ақпаратына сүйенсек, бұл шешімнің бірнеше себебі бар:
- Біріншіден, Ұлттық банк базалық мөлшерлеменің 18%-ға өсіргеннен кейін ипотеканың 20%-дан асырмау туралы қаулы нарықтық ипотеканың азаюына әкеліп соғады. Ал ол 25%-да қалатын болса, банктердің ипотека беру мүмкіндігі кеңейеді де, ипотека алу мүмкіндігі бұрынғы күйде сақталады. Тек бұрынғыдан қымбат болады.
- Екіншіден, қазір агенттік ЖТСМ есептеудің жаңа әдістемесін қарастыруда. Бұл өз кезегінде қарыз алушылар мен кредиторлардың мүдделерін теңестіруге, халыққа қатысты борыш жүктемесін азайтуға және банк жүйесінде артық тәуекелдердің жинақталуын болдырмауға мүмкіндік береді.
- Үшіншіден, реттеуші банктердің жаңа ипотекалық бағдарламаларды шығаруы үшін қосымша жұмыс атқаруды көздеп отыр. Осы жұмыстың бір белгісі ретінде қазір Мәжіліс қарауындағы заңды көрсеткен. Яғни барлық банктерге тұрғын үй құрылыс жинақтары моделі бойынша салымшылардың қаражатын тарту және қарыз беру құқығын беру көзделген.
Реттеуші ұсынып отырған жобаның толық мәтінімен агенттіктің сайтында танысуға болады.
Айта кетейік, осыған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтергеннен кейін елдегі ірі банктер ипотекаға өтініш қабылдауды уақытша тоқтатқан.