Шерзаттың отбасы жаңа үйге кірді

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Шерзаттың отбасы жаңа үйге кірді / Фото: Shutterstock

2024 жылы Алматы облысы Талғар ауданында кісі қолынан қайтыс болған жасөспірім Шерзат Полаттың отбасы жаңа үйге кірді, деп хабарлайды Kursiv.Media.

Қуанышты жаңалықты желіде Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовтың отбасылық адвокаты Мейірман Шекеев жария етті.

«Сіздерге қазақ халқының атынан айтқым келіп отыр. Үйдің салынуы да, осы Шерзаттың ісін де сіздердің көңілдеріңіз шығатын үкім шығуына да барша халық тілектес болды. Бүгін осындай қуанышты жағдайға да сол әкеліп отыр. Осы үйдің салынуына атсалысқан, біріншіден, Асқар деген бауырыма алғыс айтамын. Одан қалса, Асаруме қорының басшысы Асхат та үлесін қосты. Осы үй жанға толсын. Кішкентай-кішкентай Шерзаттарымыз жүгіріп жүре берсін», – деді Шекеев.

Адвокаттың сөзінше, үйді салу үшін халықтан ақша жинап берейік деген ұсыныстар көп болған. Алайда Шерзат әкесі Қаржаубай Нұрымов халықтан ақша алмайтынын айтқан. Оған үйді салуға демеушілер көмектескен.

«Бізге көңіл айтып, бізбен бірге уайымдаған, бізге тілекші болған, біз үшін дұғада болған бүкіл еліме, халқыма бүкіл дүние жүзіне Алланың нұры жаусын», – деді Қаржаубайдың анасы.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылғы қазанда, 16 жастағы Шерзат Полат қазасынан бір аптадан кейін, оның отбасы тұратын үй өртенген еді. Осыған дейін Шерзаттың отбасына демеушілер есебінін үй салынып жатқанын хабарлаған едік.

Сондай-ақ оқыңыз