Ақтөбеде көлік апатынан зардап шеккендер Астанаға санавиациямен жеткізіледі

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Ақтөбе облысындағы 12 адам қайтыс болған қайғылы жол көлік апатын себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысын өткізді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, апаттан аман қалған алты адам Хромтау ауданының орталық ауруханасына жеткізілген. Олардың екеуі ауыр, төртеуі орташа ауыр күйде.
Үкіметтің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Қанат Бозымбаев Денсаулық сақтау министрлігіне санитарлық авиацияның көмегімен мамандандырылған көмекке мұқтаж пациенттерді Астанаға тасымалдауды тапсырды.
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті материалдық және психологиялық қолдау көрсету тапсырылды», — делінген хабарламада.
Апаттың мән-жайын тергеумен ІІМ арнайы комиссиясы айналысып, қылмыстық іс қозғады. Сонымен қатар, вице-премьер ІІМ мен көлік министрлігіне «Самара — Шымкент» трассасының учаскесінде қозғалыс қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныс дайындауды тапсырды.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қазан күні таңертең «Самара-Шымкент» автожолының 927 — ші шақырымында DAF жүк көлігі мен «Газель» жолаушылар көлігі соқтығысқан. Апаттан екі жүргізуші мен 8 ересек, 2 кәмелетке толмаған жолаушы қайтыс болған. Құрбан болғандардың барлығы – Ақтөбе облысының тұрғындары.