Тараздағы теракт кезіндегі капитан Байтасовтың ерлігі

Капитан Ғазиз Байтасов 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында теракт кезінде ерлік көрсетіп, өз өмірін елдің қауіпсіздігі үшін құрбан етті. Оқиға салдарынан 7 адам қаза тапты: олардың ішінде 5 құқық қорғау қызметкері мен 2 бейбіт тұрғын бар. Тағы бірнеше полицей жарақат алды. Полицияның мәліметінше, террорлық әрекетті 1977 жылы туған, джихад идеясын ұстанған азамат Мақсат Қариев жасаған.
Оқиға барысы
Жергілікті уақытпен шамамен сағат 11:00-де Қариев «Mazda 626» автокөлігінің иесін қарумен қорқытып, көлігін тартып алды.
11:35-те Тараздағы қару-жарақ дүкеніне баса-көктеп кіріп, күзетші Вячеслав Федорченконы атып өлтірді. Дүкендегі кездейсоқ сатып алушы Нұрғали Оразбасовты ауыр жаралап, ол кейін жедел жәрдемде қаза тапты. Дүкеннен «Сайга» және «CZ» қаруларын және оқ-дәрілерді алып шыққан соң, қашып жүріп «ВАЗ-21099» көлігін иемденді.
Қылмыскер өз үйіне соққанда, сырттай бақылауда жүрген облыстық ҰҚК-ның екі қызметкері– Сергей Касьяненко мен Мұхтар Халиевті атып өлтірді. Одан әрі полицияның «Беркут-3» экипажына оқ жаудырып, Жақсыбек Байсейітов пен Полат Аянкұловты жазым етіп, қаруларын тартып алды. Кейін облыстық ҰҚК ғимаратына РПГ-26 танкіге қарсы гранатометпен бір рет атыс жасап, автоматпен кезекпен оқ атқан (адам шығыны мен қирау тіркелмеді).
Қаланың орталығына қарай қашқан Қариев жол кептелісінде көлігін тастап, жаяу қашты. Бейнабақылау камералары байқап, ізінше полицияның атты патрулі жақындады. Қолға түспек болған сәтте екі атты полицей – Мәлік Молдағасов пен Данияр Құрманбаев жараланды, жол-патруль полициясының аға-лейтенанты Самат Алашев та жарақатанды.
Капитан Байтасов
Қаланың қақ ортасында Абай даңғылы мен Айтиев көшесі маңында қашқынды жол полициясы взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Әбдібекұлы Байтасов қуып жетті. Екі арада атыс болды. Капитан Байтасов қылмыскерді жаралап, жақындап келгенде қолында граната барын байқады. Қарапайым тұрғындарды аман сақтау үшін офицер террористі жапырып, гранатаны денесімен жауып қалды. 12:52-де жарылыс болып, капитан Байтасов қаза тапты. Оның жанқиярлық ерлігі жүздеген адамның өмірін сақтап қалды.
Құрбандар мен жараланғандар
Қаза тапқандар:
- Вячеслав Федорченко — қару дүкенінің күзетшісі.
- Нұрғали Оразбасов — дүкенге кірген кездейсоқ азамат.
- Сергей Касьяненко — облыстық ҰҚК қызметкері.
- Мұхтар Қалиев — облыстық ҰҚК қызметкері.
- Жақсыбек Байсейітов — «Беркут-3» жүргізушісі.
- Полат Аянкұлов — «Беркут-3» қызметкері.
- Ғазиз Байтасов — ЖПҚ жеке батальонының 1-взвод командирі, полиция капитаны.
Жараланғандар (тірі қалды):
Мәлік Молдағасов, Данияр Құрманбаев (ат патрулі), Самат Алашев (жол полициясы) және тағы бірнеше қызметкер.
Қылмыскер туралы
Мақсат Қариев (1977 ж.т.) — радикалды идеологияны ұстанған. Қала ішінде бірнеше сағат ішінде қару ұрлап, көліктерді айдап әкетіп, құқық қорғау органдарына оқ атып, бейбіт тұрғындар мен қызметкерлерге шабуыл жасаған. Соңында ұсталар сәтте гранатаны жарып, өзін және қасындағы капитан Байтасовтың өмірін қиды.
Мемлекеттік бағалау және салдары
2011 жылғы 14 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ғазиз Байтасовқа «Халық Қаһарманы» атағын және «Отан» орденін табыс етті. Бұл атаққа ие болған алғашқы полиция қызметкері ретінде Байтасовтың ерлігі ел тарихында мәңгі қалды. Құқық қорғау органдарында лаңкестікке қарсы әрекет ету тактикасы мен жедел өзара іс-қимыл тәртібі күшейтілді, қоғамдық орындардағы бейнабақылау жүйелері кезең-кезеңімен жаңғыртылды.
Еске алу
- 2012 жылы Тараздағы Тектұрмас қорымында Байтасов қабіріне 5 метрлік ескерткіш орнатылды; туған ауылы Түймекенттегі мектеп пен бірқатар спорттық турнирлер оның атымен аталады.
- 2021 жылғы 3 сәуірде, қаһарманның 50 жылдығында Тараздағы «Жеңіс» саябағында монумент ашылды.
- 2022–2024 жылдары бірнеше өңірдегі полиция ғимараттарында мемориалдық тақталар қойылып, жыл сайын 12 қарашада гүл шоқтары қойылады.
- 2024 жылы Алматыда «Капитан Байтасов» атты көркем фильмнің түсірілімі басталды.
Ғазиз Әбдібекұлы артында жұбайы Гүлжамал және қос ұлы: Арманжан мен Әділжан қалды.
Айта кетейік, 23 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында «Капитан Байтасов» атты фильмі жарық көреді.