Алаяқтарға 1414-тен келген кодты байқамай айтып қойсаңыз не істеу керек

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
смс код
Фото: ащық дереккөзден

Алаяқтар қарапайым азаматтарға прокуратура, салық комитеті немесе банк қызметкері ретінде жиі хабарласады. Олар қауіпсіздік мақсатында телефонына келген кодты айтуын сұрайды. Егер білместікпен сол кодты алаяқтарға айтып қойсаңыз не істеу қажет? Бұған Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун жауап берді.

1414-тен келген кодты айтсаңыз не болады

Вице-министрдің түсіндіруінше, код айтқанда, бірден картадағы ақшаны шешіп алып немесе атыңыздан несие ала салмайды. Әдетте, кодты сұрау – адамның сеніміне кірудің бірінші сатысы.

«Олар қоңырау шалып, «сіз код жібердіңіз, бәрі дұрыс» деп айтып, түрлі сұрақтар қоя бастайды немесе несие рәсімдеуді, жеке мәлімет беруді сұрайды. Мұндай жағдайда ешқандай ақпарат беруге болмайды. Кодты айтып қойғаннан кейін, әрі қарай сөйлесуді тоқтатсаңыз, үлкен қауіп туындай қоймайды», – деп түсіндіреді Дмитрий Мун.

Ең бастысы, қандай жағдай болмасын, телефонның ар жағындағы адам өзін кім деп таныстырмасын, телефоныңызға келген кодты ешкімге айтпаңыз. Алаяқтар кейде сіздің танысыңыз сияқты қоңырау шалады. Оларға дауысы ұқсас болады, тіпті профильге суретін де қойып қоюы мүмкін. Ал кейде өзін прокуратура, ҰҚК, банк немесе Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері сияқты таныстырады. Тіпті «кодты айтпасаңыз, жағдай қиындайды» деп қорқытуы мүмкін.

Бірақ қандай жағдайда да, кодты үшінші бір адамға айтуға мүлдем болмайды.

«Банктен сізге код келген кезде де, оның астында үлкен әріптермен «өтінеміз, кодты ешкімге айтпаңыз» деп жазылады. Бұл – қатаң сақталуы тиіс ереже», – деп ескертеді вице-министр.

Неге бөтен нөмірден хабарласатын алаяқтарға тоқтау болмай тұр

Алаяқтар қазақстандық қана емес, өзге елдердің кодымен хабарласа береді. Құзырлы органдар олармен қанша күрессе де, заңмен реттеу қойса да толығымен күресу мүмкін болмай отыр.

«Бүкіл әлемде техникалық бір мәселе бар. Ол нөмірді басып алу (spoofing) деп аталады. Яғни, бұл жағдайды заңмен реттегенмен немесе СМС-шлюздің, SIM картаның ақпараттық қауіпсіздігін техникалық тұрғыда күшейтсеңіз де, әрдайым бір техникалық мүмкіндік қалады: басқа нөмірден хабарлама немесе қоңырау шалып, оны сіздің нөміріңізден шыққандай етіп көрсетуге болады», – деп түсіндіреді спикер.

Алаяқтар кез келген уақытта 1414 сияқты ресми нөмірлерден келгендей болып СМС немесе қоңырау жібере алады.

Оған қарсы тұра алатын жалғыз нәрсе – халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу. Азаматтар телефоннан, басқа мессенджерлерден хабарласқан адамдарға жеке дерегін айтуға, код немесе басқа да мәліметтерді бөлісуге болмайтынын түсіну керек.

Жыл басынан бері елде  16 500-ден астам интернет алаяқтық дерегі тіркелген. Киберқылмыскерлермен сөйлескен азаматтар жалпы 34 млрд теңгесінен айырылған.

Сондай-ақ оқыңыз