
Енді балалар балабақшадан бастап кәсіппен таныса басталды. Оқу-ағарту министрлігі «Ерте жастан кәсіпке және еңбекке баулу» пилоттық жобасы басталатынын хабарлады.
Жоба 2025–2026 оқу жылынан бастап жүзеге асырылады. Оған республика бойынша 100 балабақша (62 мемлекеттік және 38 жекеменшік) қатысады. Бағдарлама 4–5 жастағы балаларды қамтиды.
«Жобаның мақсаты – балалардың бойында еңбекқорлық, жауапкершілік және табандылық сияқты қасиеттерді қалыптастыру, сондай-ақ түрлі мамандық иелеріне құрметпен қарауға тәрбиелеу», – деп түсіндіреді министрліктен.
Балалар ойын және тәжірибелік іс-әрекет арқылы түрлі кәсіп түрлерімен танысып, қарапайым еңбек дағдыларын меңгереді. Министрліктің мәліметінше, жоба балалардың еңбекке деген қызығушылығын арттырып, ұжыммен жұмыс істеу қабілетін дамытады және болашақ кәсіби бағдардың алғашқы қадамы болмақ.
Осы жылы Оқу-ағарту министрлігі 2025–2026 оқу жылына қойылған міндеттерін жариялады. Ведомство дерегінше, балабақша кезегін қысқарту бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Осы жылы 179 жаңа мектепке дейінгі ұйым ашылған. Соңғы алты жылда балабақшалардың саны 1600-ге артқан.