
«Қостанайдағы трактор зауытының» директоры, экс-депутат Динара Шүкіжанова Гарвард бизнес мектебіне оқуға түсті. Бұл туралы ол инстаграм парақшасында хабарлады.
«Бір кездері Құсмұрындағы ауыл мектебіндегі кітапханада, кейін Қостанайдағы университетте оқулық жастанып ұйықтап кететін едім. Ал бүгін Гарвардқа деп сөмкемді жинап жатырмын», – деп жазды ол.
Шүкіжанова бұл үшін бес ай бойы арнайы дайындалған.
«Бес ай бұрынғы менің арманым орындалды. Harvard Business School-ға оқуға түстім. 150 күн кешкі бестен түнге он екіге дейін онлайн оқудан кейін Гарвардқа оффлайн оқуға кетіп барамын», – дейді топ-менеджер.
Динара Шүкіжанова – «Агромаш Холдинг KZ» АҚ президенті, Қостанайдағы трактор зауытын басқарады. «Республика» партиясының атынан мәжіліске депутат болып сайланып, былтыр қыста өз еркімен мандатын тапсырды.
Гарвард бизнес мектебі (Harvard Business School, HBS) — АҚШ-тағы ең беделді және әлемге танымал бизнес мектептердің бірі. Ол Гарвард университетінің құрамына кіреді, Бостонда (Массачусетс штатында)орналасқан.
Қазірдің өзінде Қазақстанның жеті азаматы «Болашақ» бағдарламасы бойынша Гарвард университетінде оқып жатыр.