
Францияның Лангр қаласындағы жазушы және философ Дени Дидро атындағы музейге ұрлық түсті. Олар жалпы құны 45 млн теңге тұратын жәдігерлерді алып кеткен.
Француз медиасының хабарлауынша, XVIII–XIX ғасырлардағы алтын және күміс монеталардың бір бөлігі ұрланған.
Таңертең қызметкерлер ғимараттың есігі бұзылып, витриналардың сынғанын байқап, алтын мен күміс монеталардың жоғалғанын түсінеді.
Алдын ала болжам бойынша, ұрлық мұқият жоспарланған. Келгендер басқа экспонаттарға тимей, тек бағалы монеталарды алып кеткен.
Ұрланған жәдігерлер музейдің «қазынасы» деп есептеледі. Бұл коллекцияны 2011 жылы ғимаратты жөндеу кезінде жұмысшылар тапқан. Олар жалпы 1633 күміс және 319 алтын монетадан тұрады.
Дени Дидро музейінен бұрын 20 қазанда Луврда ұрлық болған еді. Бетперде киген төрт адам бар-жоғы жеті минуттың ішінде Наполеон Бонапарт пен француз монархтарына тиесілі асыл тастар мен әшекей бұйымдарды ұрлап кеткен.
Франция президенті Эммануэль Макрон арнайы мәлімдеме жасап, ұрыларды табуға уәде берді.