
Ғылым деректерін цифрландыруға әлі кірісе алмай жатыр. Барлық ғылыми еңбектердің тек 2%-ы цифрланған. Бұл – салалар арасындағы ең төменгі көрсеткіш. Сенат отырысында депутат Әли Бектаев осындай дерек келтірді.
«Үкімет былтыр 2024-2026 жылдарға арналған жасанды интеллекті дамытудың тұжырымдамасын қабылдады. Оған сүйенсек, кейбір салаларда деректерді толық цифрландырмау, олардың бытыраңқылығы, сапасының төмендеуі сияқты жүйелі мәселелер бар. Ақпараттың көп бөлігі жабық ведомствоаралық жүйелерде сақталады, бұл ЖИ алгоритмдерді пайдалануды қиындатады», – деді депутат.
Ол цифрландыру деңгейі ең жоғары және ең төмен деңгейдегі салаларды атап өтті. Оған сенсек:
- Білім саласында цифрландыру – 81%
- Қаржы секторында – 59%
- Әлеуметтік қамсыздандыру секторында – 59%
- Энергетика секторында – 33%
- Спорт пен туризм секторында – 21%
- Бизнесте – 13%
- Ғылымда – 2%
«Бұл ЖИ әлеуетін қолдауға ең жоғары әлеуеті бар салаларда айтарлықтай артта қалушылық бар екенін көрсетеді», – деді депутат Бектаев.
Тоқаев бастамасынан кейін деректерді цифрландыру және нейрожеліні кеңінен қолдану мәселесіне ерекше көңіл бөліне бастады. Президент сөзінше, алдағы уақытта цифрландыру мен нейрожеліні қолдану мемлекеттік басқару жүйесінің жаңа философиясына айналуы керек.