
Еуропа одағының (ЕО) елдері Қазақстандағы VTB Bank-ке де санкция салды. Бұл туралы ЕуроОдақ журналында жарияланды.
23 қазанда ЕО елдері Ресейге қарсы санкцияларының 19-жиынтығын мақұлдады. Шектеуге іліккендер арасында Ресейдің ғана емес, Қазақстан мен Беларусь банктері де бар. Брюссель оларды Мәскеуге салынған санкияларды айналып өтуге көмектесті деп есептейді.

Енді «қара тізімде» аты аталған қаржы мекемесі ЕО елдерімен қаржы операцияларын жүргізе алмайды. Соған байланысты банк еуро және доллармен жасалатын халықаралық айналымнан шығып қалады.
VTB Bank Kazakhstan – Ресейдің ВТБ халықаралық қаржы тобының Қазақстандағы еншілес банкі. Ол республика нарығында 16 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Банктің ірі қалаларда 12 филиалы бар.
Бұған қоса, ЕуроОдақ Ресейдегі Альфа-банк, МТС банк, Абсолют Банк, сонымен бірге «Солерс» компаниясына шектеу енгізді. Сонымен бірге, Альфа-банк, ВТБ және «Сбербанктің» Беларусьтегі филиалдарына да санкция салынды.
Сонымен бірге, шектеулер Қырғызстандағы «Толубай» мен «Еуразиялық жинақ банк», Тәжікстандағы «Душанбе Сити банк», «Спитамен» және «Коммерцбанк Тәжікстан» қаржы ұйымдарына енгізілді. Бірақ олардың санкциялары 12 қарашада күшіне енеді.
Ал 25 қарашадан бастап Payeer төлем жүйесі де шектеуге алынады.
«ЕО-ға мүше елдер Ресейге қарсы санкциялардың 19-жиынтығын мақұлдады. Біз агрессорды қатты қысымға алдық. Алғаш рет Ресейдің газ саласына – оның әскери экономикасының тірегіне соққы жасап отырмыз. Украина халқы әділеттікке жетіп, бейбітшілік орнамайынша, біз кері шегінбейміз», – деп мәлімдеді Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен.
ЕО шешімінің Қазақстанның қаржы ғана емес, энергетика саласына да тікелей әсер бар. Өйткені Еуропа көрші Ресейден газ сатып алуды 2027 жылғы 1 қаңтарда толық доғарады.