
Еуропа Одағына мүше елдер Ресейге қарсы санкцияларының 19-жиынтығын мақұлдады. Reuters мәліметінше, шектеуге іліккендар арасында Ресей ғана емес, Қазақстан мен Беларусь банктері де бар. Брюссель оларды Мәскеуге салынған санкияларды айналып өтуге көмектесті деп есептейді.
Қара тізімдегі қазақстандық банктер
Әзірге Еуропа елдерінің шектеуіне ілінген қазақстандық банктер туралы нақты мәлімет жарияланбады. Ресми тізім құжат толық бекітілгеннен кейін ғана көпшілік назарына ұсынылады. Алайда ЕО басшысы жаңа шектеулерге қатысты мәлімдеме жасап үлгерді.
«ЕО-ға мүше елдер Ресейге қарсы санкциялардың 19-жиынтығын мақұлдады. Біз агрессорға қатты қысым жасап отырмыз. Алғаш рет Ресейдің газ саласына – оның әскери экономикасының тірегіне соққы жасап отырмыз. Украина халқы әділеттікке жетіп, бейбітшілік орнамайынша, біз кері шегінбейміз», – деп жазды Еурокомисся президенті Урсула фон дер Ляйен X әлеуметтік желісіне.
Санкция тізімінде Қазақстандағы қаржы ұйымдары да бар екені туралы мәлімет баспасөзде жарияланған.
«Тізімге Қазақстан мен Беларусьтегі банктерді де қосты», – деп жазды Reuters ЕО мен АҚШ-тың Ресейге қатысты санкциялары туралы материалында.
Шектеудің қаржы саласына да қатысы барын тағы бір еуропалық дипломат растап отыр.
«Шабуыл ресейлік банктерді, криптовалюта биржаларын, Үндістан мен Қытайдағы ұйымдарды нысанаға алды», – деп мәлімдеді еуродипломат Кая Каллас.
Бұған дейін Еурокомиссия президенті Ресейдегі банктер ғана емес, оларға шектеуді айналып өтуге көмектескен елдердің қаржы ұйымдарына да санкция салынатынын ескерткен.
Қазақстандық банктер қара тізімге енсе, олар ЕО елдерімен қаржы операцияларын жүргізе алмай қалады. Соған байланысты еуро және доллармен жасалатын халықаралық айналымнан шығып қалады.
Ресей газынан бас тартады
Бұған қоса, ЕО Қазақстанға көрші Ресейден газ сатып алуды 2027 жылғы 1 қаңтарда толық доғарады. Сонымен бірге санкциялар Ресей дипломаттарының сапарларын, Мәскеудің мұнай таситын жүздеген танкерінің қозғалысын шектейді.
Көгілдір отынға қатысты шектеу 23 қазанда күшіне енеді. Еуропа Ресей газынан бірден бас тартпайды: отын импортына қатысты қысқа мерзімді келісімшарттар алты айға, ал ұзақ мерзімге арналған келісімдер 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін күшінде болады. Содан кейін ұйым елдері Ресей газын тұтынуды біржолата тоқтатады. Бұған дейін ЕО комиссиясы Ресей газынан 2028 жылға қарай бас тартуды ұсынған.
Еуропа осындай стратегияны 2025 жылдың көктемінен бері талқылап келді. ЕО комиссиясы осындай ұсынысты биыл 6 мамырда ұсынды. Мұндай шешім Украинадағы соғысқа қатысты санкциялар аясында қабылданып отыр.
Осы уақытқа дейін Ресей газының 40%-ын Еуропа елдері сатып алып жүрген еді. Соғыс басталғалы бері ұйым елдері көгілдір отын импортынан біртіндеп бас тартып жатыр.
Санкция және Қазақстан
ЕО елдері шешімінің Қазақстанның қаржы ғана емес, энергетика саласына да тікелей әсер бар. Өйткені қазақ газының бір бөлігі Ресейде өңделіп, экспортталады.
Мәселен, Қарашығанақ кен орнынан шығатын газ Ресейдің Орынбор газ өңдеу зауытында (Орынбор ГӨЗ) өңделеді. Осы зауытқа жылына 8-9 млрд текше метр шикі газ жеткізіледі. Оның бір бөлігін Қазақстан үш есе бағамен кері сатып алса, қалғаны Ресей мен Батысқа экспортталады. Енді Қазақстанның газ экспорты кемиді.
Дегенмен мұндай шешімнің Қазақстан үшін тиімді тұстары да бар. Еуропа Ресей газынан толық бас тартқан уақытта, қазақ газы үшін жаңа экспорт жолдары ашылуы мүмкін. Транскаспий жобасы арқылы көгілдір отын Әзербайжанға, одан әрі Түркияға жеткізіледі.
Оның үстіне, Ресей де өтпей қалған газды басқа бағыттарға бұрады. Көгілдір отын республика аумағынан өтсе, Астана транзит ақысын алып отырады. Мәселен, Өзбекстанға тасылатын газ үшін Қазақстан пайда тауып отыр.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қазанға қараған түні АҚШ та Ресейдің ірі мұнай компанияларына санкция салған.