Түркістанда ауруханадан қашып кеткен сотталушының кім екені белгілі болды

Жарияланды
Қаскелеңде сотталушы қашып кетті
Түркістан облысында сотталушы қашып кетті/фото: shutterstock

Түркістан облысында ауруханаға емделуге келіп, қашып кеткен сотталушының кім екені белгілі болды. Ол Түркістан қалалық орталық ауруханасының терапия бөліміне 14 қазан күні түскен. Сот кабинеті жүйесіндегі үкімге қарағанда, сотталушы қыркүйек айында «Алаяқтық» бабымен 3 жылға бас бостандығынан айырылған.

Сот кабинеті жүйесіндегі деректерге сүйенсек, 46 жастағы сотталушы Мұхтар Сыздықов Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы және «Пара беру» бабымен күдікке ілінген. Бірақ қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы болмағандықтан, «Пара беру» бабымен ақталған. Ол жәбірленушілерге 13 миллион теңге шамасында залал келтірген.

Сот оған «Алаяқтық» бабымен 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, рақымшылық заңын қолданып, жазасын 3 жылға кеміткен. Айта кетейік, сот үкімі заңды күшіне енбеген. Іс бойынша апелляциялық шағым түскен.

Сотталушы 14 қазан күні Түркістан қалалық орталық ауруханасының терапия бөлімінде ем алуға жеткізілген. Оған созылмалы панкреатиттің өршу сатысы және қант диабеті диагнозы қойылған. Оның ем алу орнынан қашып кеткені 23 қазан күні түнде анық болған. 24 қазанда емі аяқталып, түрмеге алып кету жоспарланған.

Бұған дейін Түркістан облысының полициясы емделіп жатқан ауруханадан қашып кеткен сотталушыны іздеп жатқанын хабарлаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз