Түркістанда қашып кеткен сотталушы іздестіріліп жатыр

Түркістан облысының полициясы емделіп жатқан ауруханадан қашып кеткен сотталушыны іздеп жатыр. Оқиға кеше, 23 қазан күні болған. Ол «Алаяқтық» бабымен сотталған.
24 қазанда облыстық полиция департаменті жасырынған сотталушының орналасқан жерін анықтауға және ұстауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылдың 23 қазанында медициналық мекемеде емделіп жатқан сотталушы қашып кеткен» делінген полиция хабарламасында.
Дәл қазір полицияның барлық жеке құрамы іздестіру жұмыстарына жұмылдырылған. Бақылау бекеттері қойылып, қажетті шұғыл шаралар атқарылып жатыр.
«Оқиға бойынша қызметтік тергеу басталды, оның қорытындысымен барлық кінәлі тұлғаларға қатысты қатаң шаралар қабылданатын болады» деп мәлімдеді полиция.
Бұған дейін Түркістан облысында полиция қызметкерлерінің қамауға алынған. Олар тәркіленген есірткіні сатты деген күдікке ілінген.