Ерлі-зайыптыларды тегін генетикалық тексеруден өткізу жоспарланбаған – министрлік

Денсаулық сақтау министрлігі баланың тұқым қуалайтын аурумен тууы мүмкін екенін анықтайтын генетикалық зерттеуді тегін жүргізу туралы депутат ұсынысына жауап берді.
Министрліктің хабарлауынша, әзірге мұндай зерттеу жүргізу жоспарланбаған.
«Министрліктің нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес, отбасын жоспарлау кезінде генетикалық талдау жүргізу қарастырылмаған, өйткені жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерде генетикалық аурулар қаупін анықтауға арналған зерттеу әдістері жоқ», – делінген ведомствоның депутат сауалына берген жауабында.
Алайда ведомство әйелдердің денсаулығын нығайтуға бағытталған «Аналар саулығы» бағдарламасы бар екенін мәлімдеген. Бағдарлама аясында жүктілікті жоспарлап жүрген әйелдерге прегравидарлық дайындық жүргізіледі. Оның мақсаты ретінде экстрагениталды ауруларды анықтау, тексеру және жүктілікке дейін сауықтыру деп көрсетілген.
«Прегравидарлық дайындық кезінде генетикалық тұрғыдан ауыр анамнезі бар әйелдер генетик-дәрігердің консультациясына жіберіледі. Генетик әйелдердегі тұқым қуалайтын ауруларды анықтау мақсатында тексеру жүргізеді», – делінген жауапта.
Министрлік мамандары генетикалық зерттеу жүктілікті жоспарлап жүрген барлық жұп үшін маңызды екенін айтып өтті. Зерттеу отбасы анамнезі бар, бұрын баласынан айырылған үшін аса қажет деп санайды.
Айта кетейік, бұл мәселені мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов көтерді.
«Мүгедектігі бар баланың ата-аналары үшін толыққанды жұмысқа орналасу қиындық тудырады. Мүгедектігі бар балалардың ата-аналар осы мәселе бойынша депутаттарға жиі жүгінеді. Мұндай балаға үнемі күтім қажет болуына байланысты ата-ананың бірі еңбек нарығынан толықтай шеттеліп, өмірін баласына арнауға мәжбүр болады», – деді депутат.
Осыған байланысты депутат алдын ала генетикалық зерттеуді тегін жүргізуді ұсынды.