Тоқаев: жеріміздің тұтастығын, еліміздің дербестігін қамтамасыз ету азаматтық борышым

Президент Қ.Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында қазіргідей алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды екенін мәлімдеді.
Ол елдегі реформалардың түпкі мақсаты – Қазақстанды жаңа жағдайға бейімдеу, сол арқылы елдің егемендігін нығайтып, бәсекеге қабілетін арттыру екенін жеткізді.
«Мемлекет басшысы ретінде мен жеріміздің тұтастығын, еліміздің дербестігін және экономикалық дамуын қамтамасыз етуім керек. Бұл – менің азаматтық борышым. Қазір әлем түбегейлі жаңа тарихи кезеңге қадам басты. Бәріңіз де мұны көріп-біліп отырсыздар. Бір жағынан, қақтығыстар мен соғыстар азаймай тұр, басқа жағынан, жоғары технологиялар, жасанды интеллект тез дамуда. Осындай күрделі жағдайда еліміз дамудың даңғыл жолына түсті», – деді президент.
Қ.Тоқаев барша елмен достық қатынас орнатып, сенімді серіктестік құрғанның арқасында энергетика, көлік, логистика, ақпараттық технология, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларға қомақты инвестиция тартылып жатқанын қоса кетті.
«Қазіргі алмағайып заманда салиқалы дипломатия дәстүріне негізделген сыртқы саясатты ұстану айрықша маңызды. Біз мемлекеттердің бәрі өзара тіл табысып, ортақ мәмілеге келе білгені жөн деп санаймыз. Өзара сенім мен құрметті нығайтып, әріптестік қарым-қатынасты дамыту қажет деп есептейміз», – деді ол.
Президент әлемде барлық елдің мүддесі ескерілетін әділ халықаралық қатынастар жүйесін орнату керектігін атап өтті.
Тоқаев бұдан бөлек жиын барысында Қазақстан президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс екенін айтқан.