Президент тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білуге шақырды

Жарияланды
Тоқаев тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білуге шақырды / Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

«Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет. Әсіресе, мұны жастарымызға дұрыс түсіндіріп, оларға бағдар көрсеткен жөн». Бұлай деп президент Республика күніне арналған жиында айтты.

Қ.Тоқаев Қазақстан Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Күшті ел болуы керектігін атап өтіп, мұны жалпыұлттық стратегиялық мақсатымыз, барша азаматқа ортақ міндет, қастерлі парыз екенін жеткізді.

«Озық ел болу үшін біз әлі талай белесті бағындыруымыз керек. Тұрақтылық пен тыныштықтың қадірін білу қажет. Әсіресе, мұны жастарымызға дұрыс түсіндіріп, оларға бағдар көрсеткен жөн. Еліміздің ертеңі – өскелең ұрпақтың қолында. Сондықтан жастарымызды ең алдымен Адал азамат етіп тәрбиелеу қажет. Адал азамат дегеніміз – елін, жерін сыйлайтын, заңға бағынатын, білімге ұмтылатын, ұлттық құндылықтарды қолдайтын және ел бірлігін нығайтуға үлес қосатын азамат», – деді ол.

Президент елдің озық болуы отаншыл, тәртіпті, білімді, мәдениетті, белсенді және ойы ұшқыр жастарға тікелей байланысты екенін айтты. Ол жолда батыл шешім қабылдап, нық сеніммен жарқын болашаққа қарай жүру керегіне назар аударды.

Сондай-ақ салтанатты жиында президент жердің тұтастығын, елдің дербестігін қамтамасыз ету азаматтық боры екенін айтып, Қазақстан президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс деген ойын кезекті мәрте қайталаған.

Сондай-ақ оқыңыз