30 жылдағы даму: Қазақстан экономикасы 4,4 есе өсіп, халық саны 4 миллионға артты

1994 жылдан 2024 жылға дейінгі кезеңде Қазақстан экономикасы нақты мәнде 4,4 есе өскен. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 735,9 АҚШ долларынан 14 444,6 долларға дейін өсіп, Қазақстан Дүниежүзілік банк жіктемесіне сәйкес табысы орташадан жоғары елдер қатарына қосылды. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.
Еңбек нарығы да кеңейіп, жұмыспен қамтылғандардың саны 2001 жылғы 6,7 миллионнан 2024 жылы 9,2 миллион адамға дейін артты.
Сыртқы сауда және бизнес
Әлемдік экономикаға интеграциялану бағытын ұстанған Қазақстан сыртқы сауданың да әлеуетін арттырды. 1995 жылы 9,1 млрд долларды құраған сыртқы сауда айналымы 2024 жылы 142,1 млрд долларға жетіп, 16 есе ұлғайды.
Экспорт көлемі де 15,4 есе өсіп, 81,7 млрд долларға жетті. Қазақстанмен сауда жасайтын мемлекеттердің саны осы жылдар ішінде 146 елден 195 елге көбейді.
Сондай-ақ кәсіпкерлік белсенділік артты: 2005 жылдан бері белсенді жұмыс істейтін бизнес субъектілерінің саны 4 есеге артып, 2 миллионға жетті. Шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 10,5%-дан 38,9%-ға дейін ұлғайды.
Жан басына шаққанда ішкі жалпы өнім 47%-ға артып, 14 400 долларға жеткен Бұл – Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі.
Халық саны 20 миллионнан артты
Тәуелсіздік алған жылдардан бері демографиялық көрсеткіштер жағынан да оң өзгерістер байқалады. Халық саны 1991 жылғы 16,4 миллионнан 2025 жылы 20,4 миллион адамға дейін көбейді.
Медицина сапасын жақсарту мен әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде өмір сүру ұзақтығы 10 жылға ұзарды: 1994 жылғы 64,9 жастан 2024 жылы 75,44 жасқа жетті.
30 жылда 2 мың мектеп бой көтерген
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елді мекендерді дамытуға ерекше көңіл бөлінді. 1994 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2,3 млн шаршы метр болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 19,1 млн шаршы метрге жетті.
Бір адамға шаққандағы тұрғын үймен қамтамасыз ету деңгейі де 2001 жылғы 16,3 шаршы метрден 2024 жылы 24,5 шаршы метрге дейін өсті.
Инфрақұрылымдық жобалар аясында 11 мың шақырымнан астам жаңа автожол және 5,2 мың шақырым теміржол салынды. Соңғы 30 жылда 2 мыңнан астам жаңа мектеп бой көтерді.Урбанизация қарқыны артып, қала тұрғындарының үлесі 55,7%-дан 63%-ға дейін өсті.