Қазақстан президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс – Тоқаев

Қазақстан президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс. Бұл туралы Республика күніне орай ұйымдастырылған жиында Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Оның айтуынша, елдегі реформалар азаматтардың мүддесі мен сұранысына сай жүзеге асып жатыр.
Президент өз сөзінде реформалардың негізгі мақсаты барша азаматқа тең мүмкіндік ұсынатын Әділетті Қазақстан құру екенін атап өтті.
«Біз ауқымды жаңғыру кезеңіне қадам бастық. Мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік ұсынатын, өркендеу жолындағы Әділетті Қазақстанның іргесін қалау», – деді мемлекет басшысы.
Парламент реформасы – жаңғырудың жалғасы
Тоқаев жақындағы халыққа Жолдауында Парламентті реформалау бастамасын жариялағанын еске салды. Оның айтуынша, бұл шешім саяси үдерістердің ашықтығын көрсетеді.
«Бұл бастаманы алдын ала жариялауымның өзі еліміздегі саяси үдерістердің ашық жүріп жатқанын көрсетеді. Биліктің заң шығарушы тармағын өзгерту соңғы жылдары жүзеге асырылған жан-жақты жаңғырудың қисынды жалғасы болмақ», – деді Президент.
Ол ұсынылған өзгерістер Парламенттің құзыреті мен беделін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Конституцияға енгізілетін өзгерістер тек Парламентке ғана емес, Президент пен Үкіметтің өкілеттіктеріне де қатысты болатынын айтты.
«Түзетулердің жалпы көлемін және 2022 жылғы конституциялық реформа аясында жүзеге асқан бастамаларды ескерсек, мұны жаңа Конституция қабылдауға барабар іс деуге болады», – деді Тоқаев.
Күшті президенттік билік сақталады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда президенттік басқару жүйесі стратегиялық маңызын сақтайтынын қадап айтты.
«Қазақстан Республикасы күшті президенттік билікке арқа сүйеген мемлекет болып қалуға тиіс. Бұл қазіргідей алмағайып заманда еліміздің сенімді келешегіне кепіл болады», – деді ол.
Президент парламенттік жүйенің қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету тұрғысынан тиімділігіне күмән келтірді.
«Парламенттік жүйе қауіпсіздік пен тәртіп, тұрақтылық пен даму тұрғысынан өз міндетін толық атқара алмай отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев кейбір саяси пікірлерге сын айтты.
«Кейбір сарапшылар мен саясаткерсымақтардың ұшқары тұжырымдарына көзсіз еріп, мемлекеттілігімізге қатер төндіруге еш хақымыз жоқ», – деді ол.
Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні қарсаңында бір топ азаматты мемлекеттік сыйлықтармен марапаттау туралы жарлыққа қол қойған.