Жаңа Салық кодексі күшіне енеді: пәтер сатқанда салық қалай төленеді

2026 жылдың 1 қаңтарынан қазақстандықтар жылжымайтын мүлікті сатып алу мен сатудан түсетін пайдадан жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуге міндетті болады. Салық мүлікті сатып алған баға мен сату бағасының айырмасынан ұсталмақ. Бұл норма иеліктегі мүлік екі жылға жетпей сатылған жағдайда қолданылады. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Салықтық әдістеме басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Аббасова түсіндірді.
«Мысалы,мен пәтерді 2024 жылы сатып алып, оны 2025 жылы сатсам және ол менің меншігімде бір жылдан аз уақыт болса әрі қымбатқа сатсам, баға өсімінің 10%-ындай салық салынады. Енді жаңа Салық кодексінде осы бір жылдық мерзім екі жылға ұзартылады. Яғни, егер мүлік меншікте екі жыл және одан аз уақыт болса, баға өсімінен жеке табыс салығы төленеді», – деді ол ЖТС-қа қатысты жаңа нормаларды түсіндіру барысында.
Аббасова жеке табыс салығы тек мүліктің қымбаттағаннан кейінгі баға айырмасына салынатынын еске салды.
«Баға өсімі дегеніміз не? Бұл – мүлікті сатып алған бағадан жоғары сомаға сату. Мәселен, 10 млн теңгеге сатып алып, 15 млн теңгеге сатсаңыз, айырма 5 млн теңге болады. Міне, осы 5 млн теңгеден жеке табыс салығы төленеді», – деп түсіндірді ол.
Қазір, егер пәтер 2025 жылдың ақпанында сатып алынып, 2025 жылдың қарашасында сатылса, яғни меншік иелігінде бір жылдан аз тұрса, онда баға өсімінің 10%-ы көлемінде салық төленуі тиіс. Ал 2026 жылдың қаңтарынан бастап бұл мерзім екі жыл болып белгіленеді. Яғни, жылжымайтын мүлікті сатқанда салық төлемес үшін оны кем дегенде екі жыл иелікте ұстау қажет болады.
Сонымен қатар, КГД өкілі бұл талап тек 2026 жылдан кейін сатып алынған мүлікке ғана қолданылатынын нақтылады. 2026 жылға дейін сатып алынған пәтерлерге бұрынғыдай бір жылдық мерзім сақталады.
«Жаңа кодексте көрсетілгендей, екі жылдық мерзім тек 2026 жылдан кейін сатып алынған мүлікке қолданылады. Егер мен пәтерді 2025 жылы сатып алып, оны 2026 жылы сатсам, яғни иелігімде бір жылдан көп, бірақ екі жылдан аз уақыт тұрса, мен салық төлеуім керек пе? Жоқ, 2026 жылға дейін алынған мүлікке бұрынғы бір жылдық мерзім қолданылады», – деді Аббасова.
Оның айтуынша, 2026 жылдан бастап қазақстандықтар сатып алатын пәтер, жер учаскелері, саяжай, гараж, паркинг орындары және жеке қосалқы шаруашылық объектілері сияқты бүкіл мүлік иелікте екі жылдан артық болуы тиіс. Тек сонда ғана баға өсімінен салық салынбайды.
«2026 жылдан бастап сатып алынатын пәтер, жер учаскелері, жеке қосалқы шаруашылық нысандары, паркинг, саяжай, гараждарға екі жылдық талап қолданылады», – деді маман.
Бұдан бөлек, құрылыс жүріп жатқан тұрғын үй кешендерінде үлес сату немесе қайта рәсімдеу (переуступка) кезінде салық салу мерзімі үш жыл болып белгіленеді.
«Өйткені олар дайын пәтерді емес, тек қатысу үлесін сатып алады. Бұл үлестердің құны құрылыс барысында қымбаттайды. Сондықтан жаңа Салық кодексінде үлес сату мерзімі үш жыл деп бекітілді. Егер тіркелген дайын мүлікте мерзім екі жыл болса, үлестік қатысуда – үш жыл», – деп түсіндірді ол.
2026 жылғы 1 қаңтарда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Жаңа жылдан бастап барлық дерлік салықтың төлеу тәртібі мен мөлшері өзгереді. Жаңа салық түрлері пайда болады. Салық жеңілдіктерін алу ережесі де өзгеріске ұшырайды.