Мемлекет қой мен ешкінің жүніне субсидия бөлгелі отыр

Нарық сұранысын ескере отырып, одан бөлек ірі қара мен ұсақ малдың терісін сатып алуды субсидиялау мәселесі қаралады.
Қой мен ешкі терісі шіріп жатыр
Еске сала кетейік, бұған дейін «Ауыл» партиясының депутаттары 2025 жылдың басында Қазақстанда 9,6 млн ірі қара, 20 миллионнан астам қой-ешкі барын айтып, жылына жүздеген мың тонна жүн, тері, ішек-қарын өндірілетінін хабарлаған. Алайда қой жүнінің 70 пайызға дейінгісі және терінің 50 пайызға жуығы сұраныссыз қалып, шаруашылықтарда өртеліп немесе шіріп кетеді. «Бұл – табыс көзінен айырылу ғана емес, ұлттық экономика үшін жіберілген үлкен мүмкіндік» деген депутаттар 2026-2030 жылдарға арналған жүн мен теріні қайта өңдеу жөніндегі кешенді ұлттық жоспарды мерзімі мен индикаторы анық көрсетілген күйде бекітуді өтінген.
Жұманғарин не дейді
Депутаттардың бұл сауалына берген жауабында вице-премьер әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 2024-2028 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілгенін хабарлады.
Кешенді жоспар агроөнеркәсіп, мал шаруашылығын дамытуды көздейді. Жұманғарин 2027 жылға дейін АӨК-де инвестициялық жобаларды іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілгенін айтқан. Сондай-ақ оның шеңберінде жалпы сомасы 7,6 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы жануарларының терісі мен жүнін қайта өңдеу жөніндегі үш жобаны іске асыру көзделгенін атап өткен.
«Атап айтқанда, жұқа, жартылай жұқа, өрескел және жартылай өрескел жүнді өңдеуге тапсыру құнын арзандатуды субсидиялау көзделген. Нарықтық сұранысты ескере отырып, ірі қара мен ұсақ малдың терісін сатып алуды субсидиялау мәселесі қаралатын болады. Ауыл шаруашылығы жануарларының терісін қайта өңдеу кәсіпорындарын салуға және жаңғыртуға инвестицияларды ынталандыру үшін инвестициялық салымдарды жүзеге асыру кезінде АӨК субъектілері шығындарының бір бөлігін өтеуді субсидиялау қағидаларында инвестициялық шығындардың жалпы сомасының 25 %-ын өтеу көзделген. Бұдан басқа, былғарыдан және жүннен жасалған өңделген өнім АӨК субъектілеріне кредит беру кезінде, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техника мен технологиялық жабдықтарды сатып алуға кредиттер мен қаржы лизингін беру кезінде пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау көзделген тауарлар тізбесіне енгізілген», – делінген жауапта.
Ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа ережелерге сәйкес, енді жүн мен теріні терең өңдеу бағытындағы жобаларға да жеңілдетілген несие беріледі. Несие сомасы – 5 млрд теңгеге дейін, ал пайыздық мөлшерлеме – жылдық 2,5%-дан аспайды. Қайтару мерзімі – 10 жылға дейін.
Сондай-ақ мемлекет қайта өңделген өнімдердің, соның ішінде былғарыдан жасалған бұйымдардың экспортын дамыту мен ілгерілетуге жұмсалатын шығындардың бір бөлігін өтеп беруді жоспарлап отыр.