
Қазақстандық үш бірдей туристің орын «ASIA-PACIFIC-Best 100 & best – in-Class» рейтингінің топ-100 тізіміне кірді. Tatler Best алғаш рет елімізді үздік топтамаға қосып, гастрономия мен қонақжайлылық индустриясының жоғары деңгейін атап өтті, деп хабарлайды Kursiv.Lifestyle.
«Kazakh Tourism» компаниясының ақпарытына сүйенсек, Бангкокта Tatler Best 2025 байқауының нәтижелері бойынша, ТОП-100 қонақ үй, мейрамхана мен бар рейтингіне елордалық «The Veil» бутик-қонақ үйі, Алматы қаласындағы «Auyl» мейрамханасы және «French 42» бары кірді.

«Қазақстан халықаралық аренада өз позициясын нығайтып, қонақжайлылықтың өзіндік стилін дамытуда. Халықаралық мойындау – бұл отандық қонақжайлылық және гастрономия индустриясы өкілдерінің мақсатты жұмысының нәтижесі. Олар заманауи стандарттар мен ұлттық бірегейлікті сәтті ұштастырып отыр», – деп атап өтті «Kazakh Tourism» басқарма төрағасының міндетін атқарушы Даниел Сержанұлы.
Айта кетейік, Tatler Best сыйлығының лауреаттарын іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады. Оған осы аймақтағы саланың 700-ден астам сарапшылары қатысады. Қазылар құрамында Tatler редакциясының топтары, танымал аспаздық сыншылар, халықаралық журналистер және туризм саланың кәсіби мамандары бар. Бағалау барысында гастрономия бойынша әлемдегі ықпалды сарапшылардың пікірі ескеріледі.