Ел-Классико: 26 қазан «Қайрат» пен «Астана» чемпиондық үшін таласады

26 қазан күні Алматының Орталық стадионында ел футболының басты қарсыластары «Қайрат» пен «Астана» Қазақстан Премьер-лигасының 26-туры аясында чемпиондық үшін таласады. Бұл кездесу маусымның ең маңызды ойынына айналып отыр. Себебі жеңіске жеткен команда Қазақстанның 2025 жылғы чемпионы атанады.
Турнирлік жағдай
Қазіргі уақытта турнир кестесінде «Қайрат» бірінші орында тұр. Алматылық команда 25 турдан кейін 58 ұпай жинап отыр. Екінші орындағы «Астана» еншісінде 56 ұпай бар.
Яғни, бұл ойында жеңіске жеткен ұжым алтын медальды иеленеді. Егер матч тең аяқталса, чемпиондық «Қайратқа» бұйырады.
Маусым бойы қос команда да жоғары нәтижелі ойындарымен көзге түсті. «Қайрат» 52 гол соғып, 18 ғана жіберсе, «Астана» шабуылда белсенділігімен ерекшеленіп, 65 гол соғып үлгерді. Алайда қорғаныстағы әлсіздік (29 жіберілген гол) шешуші матчта рөл ойнауы мүмкін.
Қайрат – Астана қайдан көруге болады?
Матч билеттері 22 қазан күні сатылымға шығып, бір күн ішінде толықтай сатылып кеткен.
Алматыдағы Орталық стадионда аншлаг болады деп күтіліп отыр. Ал билет ала алмаған жанкүйерлер ойынды сағат 15:00 де Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде тамашалай алады.
Шетелдік төрешілер және КФФ ұстанымы
Бұл тарихи кездесуге Италиядан арнайы келген төрешілер бригадасы қызмет атқарады.
Бас төреші: Маттео Маркетти, көмекшілері: Валерио Коларосси мен Кристиан Росси. VAR жүйесіне Давиде Герсини, AVAR төрешісі Татьяна Сорокопудова, ал қосалқы төреші ретінде Сәкен Байымбет тағайындалды.
Айта кетейік, бұған дейін астаналық жанкүйерлер шетелдік төрешілерді шақыру шешіміне қатысты наразылық білдірген болатын. Бұл тәжірибе қазақстандық төрешілерге сенімсіздік ретінде қабылданғанын атап өткен еді.
Алайда Қазақстан футбол федерациясы ресми түсініктеме беріп, мұндай шешімнің уақытша және стратегиялық сипатта екенін хабарлады. Федерацияның мәлімдеуінше, шетелдік төрешілерді шақырудың үш негізгі мақсаты бар:
- қазақстандық және шетелдік төрешілер арасындағы тәжірибе алмасуды қамтамасыз ету;
- Қазақстан чемпионатына халықаралық ұйымдардың сенімін арттыру;
- отандық төрешілердің кәсіби деңгейін көтеру.
КФФ атап өткендей, шетелдік төрешілер қатысқан барлық матчта қазақстандық мамандар резервтік және AVAR төрешілері ретінде қызмет атқарып, тәжірибе жинақтап отыр.
Еске сала кетейік, былтыр 2024 жылы «Қайрат» ел біріншілігінде чемпион атанып, биыл Еуропадағы беделді Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне өтті. Соңғы ойында 21 қазан күні өз алаңында кипрлік «Пафоспен» тең түскен еді.