Жаңалықтар

Нұрғиса Қуанышұлы: Әлемді бағындырып келе жатқан жас шахматшы

Нұрғиса Қуанышұлы
Фото: ҚШФ

Нұрғиса Қуанышұлы шахматтан Қазақстан құрамасының 12 жастағы мүшесі, 20–25 қазаны аралығында Астанада өтіп жатқан ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған шахмат олимпиадасында жұлдызға айналды. Туа біткен глаукома мен үшінші топтағы мүгедектігіне қарамастан, 2024 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Нұрғиса бізге берген эксклюзивті сұхбатында шахматтың өмірінің бір бөлігіне қалай айналғанын, жетістіктерін және қиындықтарды қалай еңсеретінін айтты.

— Нұрғиса, шахматқа қалай келдің?
— Алдымен ағаммен ойнайтынмын. Кейін екеуміз шахмат үйірмесіне бардық. Маған ұнап, кәсіби түрде айналыса бастадым.

— Шахматты байыппен үйренуді нешеде бастадың?
— Қазір мен 12 жастамын, ал кәсіби түрде 7–8 жасымда айналыса бастадым.

— Саған шахматта көбірек не ұнайды?
— Маған турнирлерде ойнау, жеңіске жету, жүлделі орын алу ұнайды.

Сенің оң көзіңде туа біткен глаукома бар және үшінші топтағы мүгедектік. Бұл өмірде немесе шахматта қиындық тудыра ма?
— Мен үшін аса қиындық жоқ. Бұған бала күнімнен үйреніп кеттім. Маған шахмат ұнайды, сондықтан бұл мені шектемейді.

— Кейде адамдар сенің жағдайыңды білгенде саған аяушылықпен қарай ма?
— Жоқ, ондай болмайды. Мен достарыммен шахмат ойнаймын, сабаққа барамын, жаттықтырушыммен дайындаламын. Біз көбіне көңіл көтеру үшін де ойнаймыз.

— Есіңде ерекше қалған жеңістерің бар ма?
— Иә, ең алғашқы жеңісім Қазақстан Республикасының чемпионаты. Сол кезде бірінші орын алдым. Кейін әлем чемпионатында жүлдегер атандым. Соңғы турда жеңісті 50 минутта иелендім.

— Ал жеңілістерге қалай қарайсың? Ең өкінішті сәттерін болды ма?
— Әрине, болған. Кей партияларда жеңіс маған тиесілі еді, бірақ уақыт тапшылығынан (цейтноттан) дұрыс жүріс таба алмай, тең немесе жеңіліс болды.

Сен Қазақстан құрамасындағы ең жас ойыншысың. Ересектермен ойнау қандай әсер қалдырады?
— Маған үлкен қарсыластармен ойнаған ұнайды. Себебі олар тәжірибелі, мен солардан көп нәрсе үйренемін.

Армандарың мен мақсаттарың қандай?
— Гроссмейстер атансам деймін. Кейін шахматтан сабақ беріп, өзім де жаттықтырушы болғым келеді.

Соңында, осы сұхбатты оқитын оқырмандарға не айтқың келеді?
— Телефонға көп қарамай, көбірек шахмат ойнау, есептер шығару керек. Сонда тез дамуға болады.

— Рақмет, Нұрғиса! Олимпиадада сәттілік тілейміз!

Нұрғиса Қуанышұлы – талант, табандылық және шахматқа деген сүйіспеншіліктің кез келген қиындықты жеңуге көмектесетінінің айқын дәлелі. Жас шахматшының оқиғасы өзіне сенуге және қандай жағдай болмасын арманға ұмтылуға шабыт береді.