Қытай компаниясы Қазақстанға 1 млрд доллар инвестиция бөлмек

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қытай компаниясы қазақстандық әріптестерімен деректерді өңдеу орталығын салу жобасын талқылаған / фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі
Қытай компаниясы қазақстандық әріптестерімен деректерді өңдеу орталығын салу жобасын талқылаған / фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі

Қытай компаниясы China Energy Қазақстанда күн және жел электр стансаларын салуға 1 млрд доллар инвестиция бөлмек.

Бұл туралы Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов China Energy компаниясының президенті Цяо Сюбинмен кездесті. Кездесу барысында жаңартылатын энергия көздері саласындағы екі ірі жобаны жүзеге асыру жоспарлары нақтыланды. Қытайлық компанияның жалпы инвестиция көлемі 1 миллиард АҚШ долларынан асады», – делінген хабарламада.

Министрліктің ақпаратына қарағанда, Түркістан облысында қуаты 300 МВт болатын күн электр стансасы, ал Қарағанды облысында қуаты 500 МВт жел электр стансасы салынбақ. Бұл жобалар – COP-29 конференциясы аясында қол қойылған жаңартылатын энергия көздері саласындағы Үкіметаралық келісімнің нақты нәтижесі.

Сондай-ақ кездесуде тараптар «Қазақтелеком» АҚ-пен бірлесіп деректерді өңдеу орталығын салу жобасын талқылаған. Жобада орталықтың энергиямен қамтамасыз етілуі жаңартылатын энергия көздері арқылы жүзеге асырылмақ. Бұл бастама Қазақстан үшін стратегиялық маңызды екі бағытты яғни, «жасыл» энергетика мен цифрлық инфрақұрылымды дамытуды біріктіреді.

Айта кететін жайт, аталған министрлік Қазақстанның 2026 жылы 90 млн тонна мұнай өндіретінін хабарлаған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз