Жаңалықтар

Транзит табысы азаяды: Қытай Ресей мұнайынан бас тартып жатыр

Қытайдың Тяньцзинь өндіріс аумағы / фото: shutterstock
Қытайдың Тяньцзинь өндіріс аумағы / фото: shutterstock

Қытайдың PetroChinа, Sinopec, CNOOC және Zhenhua Oil секілді ірі мемлекеттік компаниялары Ресей мұнайын сатып алудан бас тартып жатыр. Олар АҚШ пен ЕО санкцияларынан сескеніп отыр. Бұл туралы Bloomberg хабарлады.

Осының алдында Вашингтон мен Брюссель «Роснефть» пен «Лукойл» компанияларын «қара тізімге» қосқан. Соған байланысты Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары Ресей мұнайын сатып алмай қойды.

Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, қытай компаниялары Ресейдің Таяу Шығыста өндіретін ESPO мұнайын сатып алуды доғарған.

Санкциялардың Қазақстанға әсері

Батыс санкцияларынан кейін, Қытай ғана емес, Үндістан да Ресейден мұнай сатып алуды азайтады. Шектеулер Кремльдің ғана емес, Астананың да мұнайдан түсетін табысын азайтады. Себебі Қазақстан орыс мұнайын өз аумағында тасымалдау арқылы транзиттен табыс тауып отыр.

Қазақстанның мұнай-газ саласына арналған OilGazK телеграм-арнасының мәліметінше, «Роснефть» жыл сайын Қазақстан аумағы арқылы шамамен 10 млн тонна мұнай тасиды. Ол «Ертіс-Атасу-Алашанькоу» құбырымен ағады.

2024 жылғы қыркүйекте энергетика министрі Ресей мұнайының Қазақстан арқылы Қытайға транзитінен бір жылда 170 млн доллар табыс түскенін айтқан.