Зейнеткерлер көтерілді: Аргентинада ақша құнсыз, зейнетақы аз

Буэнос-Айрес орталығындағы Ұлттық конгресс ғимаратына әр сәрсенбі сайын зейнеткерлер мен олардың жақтастары жиналады. Қарт кісілерге суық қаруланған полиция қызметкерлері қарсы тұрады. Инфляция жайлаған Аргентинадағы наразылық туралы репортажды Reuters жариялады.
Зейнеткерлер көмекке зәру
89 жастағы Ольга Беатрис Гонсалес әр сәрсенбі сайын Буэнос-Айрес шетіндегі үйінен қала орталығына қарай беттейді. Зейнет жасындағы кейуананың демалысқа уақыты жоқ: кедейлерге арналған тегін асхананы басқарады, наразылық акциясына плакаттар дайындайды. Онда «Сен де қартаясың», «Жалғыздың үні шықпас» деп жазылған.
«Басқа да зейнеткерлерге көмек сұрау ұят емес, қиыншылықтан шығу үшін бірігу керек деймін. Ешкім телевизор көріп отыра бермесін», – дейді Гонсалес.
Ол елдің 1950-жылдардағы бірінші ханымы Эвита Перонды үлгі тұтады. Аргентинадағы кедейлердің бәрі соны жақсы көреді.

75 жастағы Луис Релинке де зейнеткерлер наразылығына қосылды. Ол да ең төменгі зейнетақы алады. 2025 жылғы қазанда Аргентинада төменгі зейнетақы 396 мың песо (266 доллар) болды.
«Аш емеспін, бірақ тойып тамақ жемеймін. Достарымды көрмегелі жарты жыл болды. Бұрын кафеге баратынбыз, рагу ішетінбіз. Дәмді тамақ. Енді бәрі бітті», – дейді зейнеткер.
Қарт немерелеріне балмұздақ сатып алып бере алмайтынына, театрға да баруды қойғанына қынжылды.
Наразылық күшейді
2025 жылғы қаңтарда Хавьер Милей үкіметі 14 жылда алғаш рет бюджет профициті туралы жариялады, яғни табыс шығыннан асты. Алайда осындай көрсеткішке жетем дегенше, оның ауыртпалығы халықтың иығына түсті. Субсидиялар қысқарды. Зейнеткерлердің сатып алу мүмкіндігі 23%-ға төмендеді.
«Қазір зейнеткерлердің табысы тамаққа әзер жетеді. Жағдайдың қашан түзелері белгісіз. Үкіметтің ұстанымы шыдаңдар дегенге саяды, бірақ зейнеткерлердің күтетін уақыты жоқ», – дейді жергілікті экономист Энрике Дентис Reuters-ке.
2023 жылы билікке келген Милей салық реформасын қолға алған. Ол халық қарсылығына тап болып, 2024 жылы наразылық акциялары күшейген.