Lifestyle

Қазақстанда құрастырылған Chery Arrizo 6-ның бағасы 8,5 млн теңгеден басталады

Chery Arrizo 6 В Казахстане 2025
Фото: kolesa.kz

Алматы маңындағы AMMKZ зауытында құрастырыла бастаған Chery Arrizo 6 седаны Қазақстан нарығында сатыла бастайды, Бағасы 8,5 млн теңгеден басталады. Бұл туралы «Қытай автокөліктері» порталы хабарлады.

Бұған дейін модельге типтік мақұлдау куәлігі (ОТТС) берілген болатын, ал ресми таныстырылымы 2025 жылдың күзінде өтеді деп күтілуде. Бір қызығы, жаңартылған экспорттық нұсқасы ең алғаш Қытайда емес, Қазақстанда көрсетілмек.

Модельдің ерекшеліктері

Chery Arrizo 6 — шетелде кеңінен танылған седан, ол Arrizo 5 Plus (Omoda S5) моделінің негізінде жасалған. 2025 жылдың күзінде экспортқа бағытталған нұсқасы жаңартылып, үлкен радиатор торы, жаңа фаралар мен қайта жасалған алдыңғы бампер қосылды. Қазақстанда сатылымға дәл осы жаңартылған, сертификатталған нұсқасы шығады.

Фото: kolesa.kz

Салоны мен жабдықталуы

Модель заманауи интерьермен жабдықталған: толық цифрлы аспаптар панелі, үлкен мультимедиялық экран, былғарымен қапталған руль және кресло, климат-бақылау жүйесі және бірқатар жүргізушіге көмек көрсету жүйелері ұсынылады.

Рестайлингтен кейін Arrizo 6 салоны айтарлықтай өзгерді. Kolesa.kz порталының мәліметінше, руль дөңгелегінің төменгі бөлігі кесілген пішінде жасалған, климат-бақылау блогы жаңартылған, ал орталық тоннель классикалық түрінде сақталған. Жүргізушілер үшін біріктірілген екі экран (10″ және 25″), сондай-ақ Apple CarPlay мен Android Auto қолдауы қолжетімді болады.

Техникалық сипаттама

Ресми дилердің айтуынша, модель 1.5 TCI турбоқозғалтқышы мен 6 сатылы роботталған беріліс қорабымен (6DCT) жабдықталып, бірқалыпты үдетілу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

Фото: kolesa.kz

Бағасы

Алғашқы сатылым кезінде Arrizo 6 бір ғана комплектацияда ұсынылады, бағасы – 8,5 млн теңге. Салысмалы түрде алып қарасақ, осыған ұқсас Omoda S5 моделі вариатормен 9,5 млн теңге тұрады.

Негізгі жабдықтарға мыналар кіреді:

  • алдыңғы қауіпсіздік жастықтары;
  • артқы көрініс камерасы және парктрониктер;
  • алдыңғы орындықтар, айна мен рульді жылыту;
  • кілтсіз кіру жүйесі;
  • алты динамикамен жабдықталған аудиожүйе.

Сатылымға қашан шығады

Chery Arrizo 6 Қазақстандағы автосалондарда 2025 жылдың соңына дейін сатыла бастайды. Модельдің ресми таныстырылымы 30 қазанда өтеді.