
Продюсер Бағым Мақсатқызы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алды. Бір күн бұрын дәл осындай атаққа оның туған әпкесі, актриса әрі продюсер Баян Алагөзова ие болған.
Екі атақ та Республика күніне орай тапсырылды. Бағым куәлікті мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қолынан алды.
«Елге еңбегі сіңген қайраткер атану – мен үшін үлкен мәртебе, өмір жолымдағы маңызды белес», – деп жазды продюсер әлеуметтік желіге.
Мәдениет қайраткері министрге алғыс айтуды да ұмытпады. Бұған қоса, ол осы атаққа сай болуға тырысатынын айтты.
Продюсерді алғашқылардың бірі болып Баян Мақсатқызы құттықтады.
«Елдегі нөмірі бірінші музыка продюсері! Лайықты атағың құтты болсын! Марқұм әкеміз екеуміздің қуанышымыз үшін бір аунап алған шығар? Жетістіктің бәріне бірге жеттік!» – деп шаттанды Алагөзова.
Жұрт Баян Мақсатқызын қазақ эстрадасындағы көптеген әнші мен топтың тәлімгері, продюсері ретінде таниды. Кезінде ол әлемге әйгілі жұлдыз Димаш Құдайбергенді сынаймын деп өзі көпшіліктің сынына ұшыраған.
Естеріңізге сала кетейік, бір күн бұрын Баян Мақсатқызы да «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағымен мақтанған. Республика күні қарсаңында актриса Меруерт Өтекешова «Халық әртісі» атанса, дәл осындай атақ әнші Тамара Асарға да берілген.