Олимпиада жүлдесінен үміткер Шайдоров Бейжіңдегі жарыста қола алды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Михаил Шайдоров Мәнерлеп сырғанау Бейжің
Михаил Шайдоров / фото: Reuters/Tang Xinyu/VCG

Мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров Әлем кубогының Бейжіңдегі кезеңінде қола жүлдегер атанды.

21 жастағы Шайдоров қысқа бағдарламасын 88,33, ал еркін бағдарламасын 174,34 ұпайға орындады. Екі бағларлама қорытындысы: 262,67 ұпай.

Бірінші орынға жапон атлеті Шун Сато (278,12) көтерілсе, күміс жүлдені Италия спортшысы Даниэль Грассль алды (269,43 ұпай).

Михаил Қытай астанасындағы жарыста еркін бағдарламасында аса күрделі секіру элементтерін орындады. 3A+1Eu+4Sq күрделі каскадын қазылар алқасы 18.20 ұпайға, ал 4Lz пен 4F куадтарын 11,50 және 11 ұпайға бағалады. Шайдоров тағы бір күрделі каскад – 4T+3T үшін 15,07 ұпай алды. Дегенмен ол 4T элементін орындау барысында құлап қалып, әжептәуір ұпай жоғалтты.

Қазақстан 2026 жылы Италияда өтетін қысқы Олимпиада ойындарында Михаил Шайдоровтан зор үміт күтіп отыр. Осының алдында ғана ол Алматыда Денис Тен атындағы халықаралық турнирде топ жарған.

Биыл жазда Қазақстан ұлттық олимпиада комитеті Шайдоровқа грант беріп, Олимпиадаға дайындалуға қаржылай көмек көрсеткен.

Сондай-ақ оқыңыз