Соғыс ардагері Қамбар Сәрсенов 101 жасқа толды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
соғыс ардагері Қамбат Сәрсенов
Фото: Қорғаныс министрлігі

Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Қамбар Сәрсенов 25 қазанда 101 жасқа толды. Қарияны бір топ әскери қызметкер құттықтап барды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қамбар Сәрсенов 1924 жылғы 25 қазанда Қостанай облысында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, оқу-жаттығудан кейін майданға аттанған. Ол Беларусь, Латвия және Литва жерлерінде шайқасып, Кенигсбергті алу операциясына қатысқан. Майданда үш рет жараланған.

Республика күні ақсақалды әскери қызметшілер құттықтап барды. Ардагерге қорғаныс министрінің атынан Отан алдындағы еңбегі үшін құттықтау хаты табысталды.

Ардагер келген қонақтарға ықылас танытып, барша халықты Республика күнімен құттықтады. Майдан даласында ауыр сынақтарды бастан өткерген қарт жауынгер елге амандық, отбасыларға бақ-береке, Қазақстанға гүлдену мен ашық аспан тіледі.

Қамбар Сәрсенов I, II дәрежелі Отан соғысы, II, III дәрежелі Даңқ және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, сондай-ақ көптеген медальдармен марапатталған. Ардагер  Витебск Қызыл Ту орденді, Суворов орденді 51-атқыштар дивизиясының 30-жеке барлау ротасында қызмет етіп, «қарсыласты» ұстап алғаны үшін екі орденмен марапатталған.

Соғыстан кейін Қамбар Сәрсенов ішкі істер органдарында қызмет атқарып, кейін Алматының энергетика саласында ұзақ жыл еңбек еткен.

Сондай-ақ оқыңыз