Тоқаев арнайы қызмет басшысын қабылдап, орынбасарын босатты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаеев 25 қазанда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдап, артынша оның орынбасары Қанатай Далматовты қызметтен алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Ресми мәлімет бойынша, Сағымбаев президентке биыл атқарған жұмыс туралы есеп берді. Комитет төрағасының айтуынша, ұлттық қауіпсіздік органдары экстремизм мен терроризмге қатысы бар 67 адамды ұстаған. Радикал ағымды ұстанатын 83 адам сотталған.
«Ішкі істер министрлігімен бірлесе қабылданған шаралар нәтижесінде 17 қылмыстық топ құрықталып, олардың 244 мүшесі ұсталды. 96 адам қамауға алынды».
Бұған қоса, заңсыз айналымнан 453 қару, 64 граната, алты мыңға жуық оқ-дәрі тәркіленді. 16 есірткі зертханасы, 25 халықаралық және 19 өңірлік есірткі тасымалдау арнасы жойылды. Жиырма тоннаға жуық есірткі заттары, соның ішінде 13 тонна колумбиялық кокаин мен 10 тонна прекурсор айналымнан алынды. Жемқорлыққа қатысты 91 қылмыстық іс қозғалды.
Кездесу соңында Президент ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметіне қатысты бірқатар тапсырма берді.
Сонымен бірге, Тоқаев ҰҚК төрағасының орынбасары Қанатай Далматовты қызметтен босатып, оның орнына Марат Ирменовті тағайындады. Ақорда арнайы қызметтегі ауыс-түйіс себебін түсіндірмеді.