Трамп әкімшілігі Ресейге қосымша санкция салуды көздейді

Жарияланды 25 Қазан 2025 18:16

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
фото: shutterstock
фото: shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі Украинадағы соғысты тоқтату үшін Ресейге тағы санкция салуы мүмкін. Бұл туралы Reuters Ақ үйдегі дереккөздерінің мәліметіне сүйене отырып хабарлады.

Президент Владимир Путин соғысты доғармаса, Трамп әкімшілігі Ресейге қарсы қосымша санкциялар енгізеді. Осындай мәліметті агенттікке америкалық бір шенеунік, сонымен бірге саяси жағдайды жақсы білетін тағы бір дереккөз берген. Олар қосымша шектеулер дайын тұрғанын мәлімдеген.

Бұған қоса, АҚШ-тың ресми өкілдері еуропалық әріптестеріне ЕО-ның Ресей активтерін Киев үшін қару-жарақ сатып алуға жұмсау ниетін қолдаған. Мұндай мәліметті Reuters-ке америкалық екі шенеунік жеткізген.

АҚШ осы аптадаға ғана Ресейге қарсы санкция енгізгені мәлім. Шектеулерге «Лукойл» мен «Роснефть» компаниялары іліккен. Артынша Еуропа одағы да санкциялардың 19-жиынтығын мақұлдап, Ресей ғана емес, оның Қазақстандағы филиалы – ВТБ банкке де шектеу енгізген.

Дереккөздердің айтуынша, қосымша санкциялардың Ресейдің банк саласы мен мұнай инфрақұрылымдарына қатысы бар. Өткен аптада ғана Украина АҚШ-тан ресейлік банктердің бәрін доллар жүйесінен ажыратуды сұрады, дейді дереккөздердің бірі.

Ақ үйдің ішкі саясатын жақсы білетін дереккөздің айтуынша, Трамп санкциялар жиынтығын қолдауға әзір. Бірақ агенттік дереккөзі шектеулердің осы айда мақұлданатынына күмән келтірді.

Сондай-ақ оқыңыз