Трамп, Путин, Си: Республика күнімен кімдер құттықтады

Әлемнің ірі елдерінің жетекшілері Республика күнімен құттықтап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхат жолдады. Олардың арасында Дональд Трамп, Си Цзиньпин және Владимир Путин бар. Құттықтаулар мәтінін Ақорда жариялады.
Трамп құттықтауы
АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстанмен әріптестікті арттырғысы келетінін айтқан.
«Құрама Штаттар Қазақстанмен арадағы тығыз экономикалық байланысты және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жоғары бағалайды. Алдағы жылдары кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға ниетті», – делінген жеделхатта.
Қытай тілегі
ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қазақстан қоғамында татулық пен тұрақтылық салтанат құрып, экономика қарқынды дамып келе жатқанына тоқталған.
«Қытай тарапы Қазақстанмен саяси ықпалдастықты одан әрі кеңейтуге, өзара қолдау көрсетіп, даму стратегиясын ұштастыруға және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясындағы жоғары деңгейлі ынтымақтастықты ілгерілетуге күш-жігер жұмылдыруға дайын», – деп жазған Қытай басшысы.
Путиннің хаты
Ресей президенті Владимир Путин жеделхатта Қазақстан әлеуметтік-экономикалық даму жолында нық қадам басып, халықаралық аренадағы беделін дәйекті түрде нығайтып келе жатқанын атап өткен.
«Ресей-Қазақстан байланыстарының деңгейі өте жоғары. Елдеріміз түрлі бағытта табысты ынтымақтастық орнатқан. ТМД, Еуразиялық экономикалық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да көпжақты құрылымдар аясында тиімді қарым-қатынас жасайды, – деп жазды Путин.
Париж бен Лондон сәлемі
Франция президенті Эмманюэль Макрон құттықтау хатында екіжақты қарым-қатынас болашағына тоқталған.
«Франция қауіпсіздік және аймақтық тұрақтылықтың негізгі мәселелері бойынша Қазақстанмен сенімді диалогқа баса мән береді. Екі елді бейбітшілікті сақтау және халықаралық құқықты құрметтеу ұстанымы біріктіреді. Біз БҰҰ Жарғысын қатаң сақтауға үндеп, тиімді көпжақты ынтымақтастыққа ықпал етеміз деп үміттенемін», – деді Франция президенті.
Бұған қоса, Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің королі III Чарльз қазақстандықтарды Республика күнімен құттықтады.
Тоқаевқа жеделхат жолдағандар арасында Украина президенті Владимир Зеленский, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Рим Папасы XIV Лео, Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Үндістан президенті Драупади Мурму және басқа да елдер ұйымдардың басшылары бар.