Әлемдегі ең биік ғимарат – Бурдж-Халифа Қазақстанның көк туымен боялды

Әлемдегі ең биік ғимарат – Дубайдағы 828 метрлік Бурдж Халифа мұнарасы тағы да Қазақстан туының түстерімен жарқырады. Мемлекеттік ту алып ғимараттың қасбетінде жарқыраған сәтте Мемлекеттік әнұран да шырқалды.
Ерекше сәтті Дубайдағы Қазақстан елшілігі өзінің Instagram парақшасында жариялады.
«Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанды Республика күнімен құттықтады», – делінген желідегі жазбада.
Қазақстанда Республика күні ресми түрде 2023 жылдан бастап қайта мерекеленіп келеді. Бұл мереке ел тарихындағы аса маңызды кезең – мемлекеттік тәуелсіздікке бастау болған күнмен тығыз байланысты.
1990 жылы 25 қазанда Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы Декларациясы қабылданды. Бұл құжат Қазақстанның саяси және экономикалық дербестігін жариялап, кейін Тәуелсіздік туралы Конституциялық заңның қабылдануына негіз болды.
Бұрын Республика күні 2009 жылға дейін мерекеленіп келген. Кейін Тәуелсіздік күнімен біріктіріліп, жеке мереке ретінде тоқтатылған еді. Алайда 2022 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 25 қазан – Республика күні мемлекеттік мерекелер тізіміне қайта енгізілді. 2023 жылдан бастап бұл күн ұлттық мереке мәртебесіне ие болды.
Айта кетейік, кеше 25 қазанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күні және Егемендік туралы декларацияның қабылдануына 35 жыл толуына орай мемлекеттік ту көтеру рәсіміне қатысты.