Жаңалықтар

Магистратура мен докторантураға өтініш қабылдау басталады

Магистратура мен докторантураға өтініш қабылдау басталады / Фото: shutterstock

Қазақстанда магистратура мен докторантураға түсуге өтініш қабылдау 28 қазаннан басталады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, өтініш беру ҚР ҒЖБМ Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Құжаттар 2025 жылғы 10 қарашаға дейін қабылданады.

«Тестілеудің өзі қараша-желтоқсан айларында өтеді. Өтініш беру кезінде түсуші тестілеуді тапсыру қаласын өз еркімен таңдай алады. Өтініштерді қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін (10 қарашаға дейін) тестілеу тілін, бағытын және қаласын өзгертуге мүмкіндік бар. Тестілеуді өткізу күні туралы ақпарат түсушінің жеке кабинетінде ағымдағы жылғы 14 қарашада қолжетімді болады», – делінген министрлік хабарламасында.

Магистратураға түсу ережелері

Ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратураға қабылдау электрондық форматта өтеді және үш бөлімнен тұрады:

  • шет тілі бойынша тест;
  • оқуға дайындығын анықтайтын тест;
  • білім беру бағдарламалары тобының бейіні бойынша тест.

Тестілеуге 3 сағат 55 минут беріледі. Шекті балл – 75, оның ішінде шет тілі бойынша кемінде 25 балл болуы тиіс. Бейінді магистратураға түсу үшін тек бейіндік пәндер бойынша тест тапсырылады, мұндағы шекті балл – 30.

Шығармашылық дайындықты қажет ететін білім беру бағдарламалары бойынша құжаттарды қабылдау 28 қазан мен 10 қараша аралығында жоғары оқу орындарының өзінде жүргізіледі.

Докторантураға қабылдау тәртібі

Докторантураға түсу емтиханына өтініш беру де 10 қарашаға дейін жалғасады.
Талапкерлер жоғары оқу орнының қабылдау комиссиясына құжаттарын тапсырып, мемлекеттік тілді меңгергенін растайтын ҚАЗТЕСТ сертификатын және шет тілін білуді растайтын құжатты ұсынуы тиіс.

«Докторантураға түсушілер ДТЕ-ге қатысу үшін өтініш бергенге дейін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиясына құжаттарды тапсыруы қажет. TOEFL ITP сертификаты бар тұлғалар ДТЕ басталғанға дейін ағылшын тілін білуге арналған қосымша тестілеуден өтеді», – деп нақтылады министрлік.

Докторантураға түсу емтиханы желтоқсан айында өтеді. Ал тестілеу күні мен орны туралы ақпарат талапкерлердің жеке кабинетінде 14 қарашада, түсу емтиханына қатысты мәліметтер 27 қарашада жарияланады.

PhD бағдарламасына түсу кезінде үміткерлер эссе жазады, әңгімелесуден өтеді және бейіндік емтихан тапсырады. Ал бейіні бойынша докторлар бағдарламасы мен индустриялық PhD бағытында әңгімелесу және бейіндік сұрақтар қамтылады.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуға үміткерлер үшін өту балы:

  • PhD бағдарламасы бойынша – кемінде 75 балл;
  • бейіндік және индустриялық PhD бағдарламалары бойынша – кемінде 50 балл.

Айта кетейік, биыл магистратураға 23 065 талапкер түскен болатын.