Жаңалықтар

Елде курьер арқылы алдайтын алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болды

Алаяқтықтың жаңа схемасы пайда болды / Фото: kursiv.media архиві

Қазақстанда азаматтарды курьер арқылы алдайтын алаяқтықтың жаңа схемасы қызу талқыға түсті. Белгілі блогер өз атынан несие рәсімдеуге талпынған алаяқтардың әрекетін жариялап, жұртшылықты сақ болуға шақырды.

Қазақстандық блогер Абай Қабдрашитов (Abailuck) өзін алдамақ болған алаяқтардың әрекеті туралы айтып берді. Алаяқтар курьер ретінде танысып, оған жалған сәлемдеме жеткізбек болған. Блогер бұл жөнінде инстаграм парақшасында видео жариялады.

Алаяқтардың әрекеті

Блогердің айтуынша, арнайы форма киген ер адам маркетплейстен тапсырыс берілгендей қорап әкелген. Алайда сәлемдеме тым жеңіл болғандықтан, күдік туғызған.
Содан кейін «курьер» блогерден растау кодын дауыстап айтуын сұраған. Бірақ хабарлама маркетплейстен емес, 1414 нөмірінен келген. Сол сәтте Abailuck оның алаяқтармен бетпе-бет келгенін түсінген.

Блогердің түсіндіруінше, егер ол кодты айтқанда, қылмыскерлер оның деректерін пайдаланып, атынан несие рәсімдеуі немесе жеке мәліметтеріне қол жеткізуі мүмкін еді.

Мұндай жағдайлар Қазақстанда бұған дейін де тіркелген. Мысалы, бұған дейін блогер Фариза өзін Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкері ретінде таныстырған адамдардың алдамақ болғаны туралы айтып берген. Олар Фариза «декларация тапсырмаған» деп сендіріп, оның жеке деректерін білген.