
Қазақстандық блогерлер мен жұлдыздар отандық брендтерді жиі таңдайды. Оған жарнама төленетіні ғана себеп емес. Жергілікті дизайнерлердің қолынан шыққан туындылар шынымен шетелдіктердікінен еш кем емес. Стилі жарасқан, сапасы үйлескен киімдер мен аксессуарларды күнделікті өмірде неге тағып, кимеске? Бүгінгі материалымызда Instagram-нан алдыңыздан талай шыққан, белгілі блогерлердің аутфитінен көрген брендтер туралы айтамыз.
MERÁLY
Бұл бренд кейінгі жылдары қазақстандық сән әлемінде көп аталып жүр. Негізін қалаған – Меруерт Орынбек. Басқа салада жүріп, хоббиін табысты кәсіпке айналдыра алған адам. Меруерт ұлттық компанияда алты жылдай IT-аналитик болып істеген. Іштей шығармашылыққа жақын, сұлулықты жақсы көретін ол бос уақытында киім тігіп, тоқығанды жақсы көреді екен. Бала кезінен музыкамен айналысқан. Содан декретке шыққаннан кейін, түгелдей шығармашылыққа беріледі. Эстетикаға тұнып тұрған, заманауи бірақ ұлттық нақышы бар әшекейлер істеуге кіріседі. Осылайша MERÁLY қыштан күйдіріп жасайтын (керамика) бұйымдар бренді өмірге келген.
Керамикалық әшекей нарықта аз емес. Бірақ бұл брендтің ерекшелігі мәдени тереңдігінде, ұлттық кодымызға сай жасалатынында. Мысалы, қарлығаш, киіз үй бейнесін ою-өрнекпен безендіріп назарға ұсынды. Өте ерекше бұйым шықты. Брендтің тастары толықтай қолдан жасалады. Суретші-керамист Гүлмира Қобыланқызымен бірлесе отырып алғашқы коллекциясын шығарған. Олар қазір қолтаңбасы бірден көрінетін бұйымдарды көптеп шығарып жатыр. Әсіресе, танымал блогерлердің мойнына таққан алқа, құлағындағы сырға, қолындағы жүзіктер көрген адамның қызығушылығын оятып, «қай жерден алды екен» деген ойға бастайды.
Негізін қалаушының айтуынша, олар MERÁLY-qyz образын өзіне сенімді, оқыған, ойы еркін қызға теңейді. Шыққан тегін мақтан ететін, әлемді тануға ұмтылатын қыз-келіншектерге арналған стайлиш бұйымдар ұсынады. Айтпақшы, әйелдерге ғана емес, MERÁLY-boy коллекциясында ерлерге арналған әшекейлер де табылады. Брендтің серіктестерінің аясы да кең. Олай дейтініміз, тұрақты түрде мәдени жоба, фестиваль һәм бастамалармен бірге коллаборация жасап тұрады.
Мәселен OYU Fest, TEDxAstana, BI Juldyzai, Künde Café инклюзив кафесімен серіктес болғанын білеміз. Қазір брендтің бұйымдарын Астана, Алматы, Ақтау қалаларындағы концептуал-сторлардан алуға болады.
MERÁLY бұйымдарын жиі тағып жүретін инфлюенсерлерге келсек, Жанна Ахметова, Роза Әшірбаева, Әлия Әшім, Арай Әлімхан, Санжар Мәди, Диас Камеридановтар бар. Олар жарнама ретінде ғана емес, бұйымдарды күнделікті аутфиттерімен үйлестіріп тағатынын жиі көреміз.
MSQ
Қазақстанның Uniqlo-сына айналған бренд. Басында реплика жасап бастағанымен, уақыт өте келе дараланып, өз ерекшелігімен түпнұсқаға айналған. Негізін қалаған — Мейіржан Самалбек. Мақсатына жетпей қоймайтын табандылығы мен нарық сұранысын дөп таба білген кәсіпкерлік қабілетінің арқасында қазір еліміздегі ерлер киімдерін ұсынатын алдыңғы қатарлы бренд болып отыр. Мейіржан – Талдықорғанның тумасы, Алматыда туып өскен. Студент кезінде стартап ретінде «Көкбазарда» телефондарға арналған аксессуарлар сатып бастаған. Кейін әйгілі «Барахолкадан» бутик ашады. Swiss Brand деген брендпен сағаттардың люкс репликасын да сатқан.
2015 жылы досымен бірге Men’s Shop киім дүкенін ашып, екі жылдай реплика сатады. Кейін осы салаға бет бұрып, кірісемін деп шешкен ол 2018 жылы ауқымды ребрендиң жасайды. Осылайша бүгінде көпшілікке мәлім MSQ бренді пайда болды. Қазір MSQ дүкендері Алматы, Астана Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Тараз және Шымкент қалаларының ірі сауда орталықтарында бар. Бутикте көбіне кәжуал стильдегі киімдер, аяқ-киімдер табасыз. Басында атап өткендей, жапондық Uniqlo стилін де, сапасын да жақсы көретіндер осы отандық брендті таңдап, еш кем емес екенін жиі айтады.
MSQ киімдерін UGC-криейторлардың get ready with me видеоларын көп көреміз. Оған қоса, жергілікті инфлюенсерлер күнделікті образын осы бренд киімдерімен үйлестіреді. Мысалы, стилист Нұржан Хасенов, UFC файтері Асу Алмабаев, актер Рауан Ахмедов, футболшы Димаш Кашкен, инфлюенсер-кәсіпкер Назим Миссанов, актер Серік Шәріп, блогер Есентай Ниязбаевтардың үстінен кәжуал киім көрсеңіз, ол MSQ болып шығуы әбден мүмкін.
Argymaq
Аталған бренд нағыз отандық премиум сегмент саналады. Қазақша мәдени коды бар аксессуарлар мен киімдер бренді. Негізін қалаған – Сүлеймен Задин. Люкс бренд жасауға кәсіпкер бірден келе қойған жоқ. Бастапқыда ол халықаралық маркалармен ресми серіктес болып жұмыс істеп, саланың қыр-сырын меңгерді. Кейіннен ойлана келе өз нарығымызға бейімдеп, сапасы мықты отандық бренд жасау керек деген шешімге келген.
Argymaq-тағы алғашқы тауарлар авторлық принттер салынған галстуктер болды. Сәйгүлік, шаңырақ бейнеленген аксессуарлар көптің көңілінен бірден шықты. Ою-өрнектердің өзі суретшілер арнайы салады, бұйымдар Италияда люкс сегментпен жұмыс істейтін фабрикалардан тігіледі.
Сүлеймен Задиннің айтуынша, бренд халықаралық қағидаларды сақтай отырып, ұлттық айдентиканы көрсете алатындай фукнцияны атқаруға тиіс. Яғни сапасының жоғары болатыны, қолдан тігілетіні, материалдары — бәрі люкс-санатқа сай. Мұнда ассортиментті толықтай өздері жасайды: идеясынан бастап, мерчендайзиң, қаптама, дизайн барлығына жіті мән беріледі. Осылайша бұл брендтің бутигінің дизайны мен жалпы стратегиясының өзі үтір-нүктесіне дейін ойластырыла жасалған. Мұндағы бұйымдардың бағасы қымбат. Дегенмен шетелдік аналогтарымен салыстырғанда люкс алғысы келген адамдарға арзанға түседі.
Галстуктерден бөлек, былғары аксессуарлар, кашемир, жібектен тігілген орамалдар, шапан, ерлерге арналған киімдер бар. Бизнес-стратегиясына қарасақ, басында мультиритейлдегі шағын ғана бұрыштан басталып, кейін монобутикке айналған. Argymaq серіктестерімен коллаборацияны да жиі жасайды.
Мәселен TEDxAstana, Show Leopard Foundation, Pecha Kucha Night Astana, Unknownkazakhtalks, Ұлттық Олимпиада Комитетімен бірлесе жобалар атқарғанын білеміз. Ал енді бұл брендтің бұйымдары мен киімдерін тұрақты киетін инфлюенсерлерге келсек, Өркен Кенжебек, Нұрқожа Ерсайын, Санұржан Сүлеймен, Диас Камеридан, Тимур Балымбетов, Рашит Ілиясов, Данияр Алшынов, Майя Бекбаева, Мәди Фазылдарды атап өтуге болады.
SHOQAN
Бұл брендпен көпшілік етене таныс. Әсіресе, классикалық стильге құмар ерлер гардеробына Shoqan-нан костюм алуға тырысады десек, артық емес. Сапасы мен стилі үйлесетін, нарықтағы бағасы шетелдік лейблдарға қарағанда орташа, концепциясы ерекше дүкен. Негізін қалаған – Ұлықбек Шәріпов. Атауының өзі қазақтың белгілі ғалымы, этнограф Шоқан Уәлихановқа арналған. Мұндағы идея — ерлерге арналған киім тігу ғана емес, ұлттық құндылықты көрсететін эстетика жасау. Былайша айтқанда, жаңа заман интеллигенциясының бейнесін көрсетуді мақсат тұтады.
Брендтің бутик-ательелері Алматы, Астана және Шымкент қалаларында бар. Ателье деп қосып айтып отырған себебіміз — киімді әркім өз дене бітіміне лайықтап ала алатындай, дүкеннің жанында шеберхана бар. Сол жерде тігіншілер бойыңызға сай қысқартып, толықтырып береді. Коллекцияларының материалдары өте сапалы. Басым көпшілігінде тенсель, лиоцелл, зығыр, жүн, былғары сынды табиғи материалдар қолданылады.
Осылайша премиум сапаны ғана көрсетіп қоймай, клиенттің денсаулығы мен жайын ойлайтынын көрсетеді. Өнімдеріне келсек, бұл жерде ерлерге арналған костюмдер, аяқ-киімдер мен аксессуарлар бар. Кейінгі кездері коллекцияны толықтырып, кәжуал киімдерді де қосты. Клиенттерінің қатарында белгілі инфлюенсерлерден Димаш Құдайберген, Санжар Мәди, Данияр Алшынов, Азамат Маркленов, Алдияр Жапарханов, Аян Өтепберген, Біржан Әшім, Бағжан Октябрь бар.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін маусымның басты тренд сырт киімдері туралы гайдты назарыңызға ұсынған едік.