Спортшыға арналған қоспалар: қайсысы пайдалы, қайсысы жай ғана маркетинг

Жарияланды 27 Қазан 2025 13:44

Талғат Дүйсенбек

Талғат Дүйсенбек

Business News бөлімінің тілшісі t.bukharbaev@kursiv.media
Фото: ЖИ көмегімен дайындалған сурет, бильд-редактор: Юлия Петрова

Спортпен шұғылданатын әр адам соның нәтижесін көргісі келеді. Жетістіктер жаттығуды тоқтатпауға көмектеседі. Спортшыларға арналған түрлі қоспа өндірушілер өнімін көбірек өткізу үшін оны күш пен төзімділікті арттырады деп жарнамалауман әлек. Бірақ шын мәнінде солай ма? Мақалада талдап көрейік.

Спортшыға арналған қоспаларды маманмен талқылаңыз

Жаттығу жасау мақсатыңызды, денсаулығыз бен тамақтану рационыңызды, сонымен бірге қабылдап жүрген дәрі-дәрмектеріңіз туралы дәрігерге айтып беріңіз. Биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ), оның ішінде спортшыларға арналған қоспалар да жанама әсер беріп, басқа да себептермен қабылдап жүрген дәрілердің әсеріне ықпал етуі мүмкін. Маманға жүгініңіз — ол қоспалардың сіздің денсаулығыңызға пайдасы мен қаупін бағалауға көмектеседі.

Қоспасыз нәтижеге жету мүмкін емес пе?

Мамандар қоспаларды ақылмен қабылдауға кеңес береді. Олардың ортақ пікірі мынадай: сәтті жаттығу негізі — дұрыс тамақтану, ал ББҚ оны алмастыра алмайды, рационды ғана толықтырады. Әуесқой спортшылар ағзаға қажетті заттардың бәрін тағамнан ала алады. «Табақ әдісімен» тамақтану — сау рацион құрудың қарапайым әрі сенімді тәсілі.

Дәрумендер мен минералдар жетіспеушілігін ББҚ-пен емес, дәрі-дәрмекпен түзеткен дұрыс. Мамандар оның себебін анықтап, ем тағайындайды. Пайдалы заттардың аздығынан спортшылар физикалық жүктемені нашар көтереді.

Қоспалар тек кәсіби мамандарға ғана қажет болуы мүмкін — олар үнемі және қарқынды жаттығады. Көмірсулар мен электролиттерге бай ББҚ ұзақ жарыс кезінде қажет. Мұндай қоспалар триатлон немесе марафон кезеңдерінде қуатты жылдам алу көзіне айналады. Бірақ кәсіби спортшылардың өзі ағзаға қажетті шығынды өтеу үшін тағам мен сұйықтықты көбірек ішу жеткілікті болуы мүмкін.

Кез келген қоспа қаптамасында жазылған уәделерге сене беруге бола ма?

Көптеген қоспа өндірісінің бірыңғай стандарты жоқ. ББҚ түйнек, капсула, батон, ұнтақ және сұйықтық түрінде шығарылады. Құрамы әртүрлі брендтерде әр түрлі болуы мүмкін.

Өндірушілер өнімнің тиімділігі мен қауіпсіздігін сирек тексереді. Зерттеулердің көбінде дені сау жас ерлер мен кәсіби спортшылар қатысады. Сынақ тәжірибесі бірнеше күн ғана созылуы мүмкін. Мұндай зерттеулерді сапалы деп айтуға болмайды. Оларды дәрі-дәрмектердің тиімділігі мен қауіпсіздігін тексерудің ауқымымен салыстырыңыз — айырмашылық айдан анық.

ББҚ құрамында жасырын компоненттер, соның ішінде денсаулыққа қауіпті заттар болуы мүмкін. Осындай бірнеше оқиға болған. Бұлшықетті өсіретін, күшті арттыратын стимуляторлар ретінде жарнамаланған қоспаларда заңсыз стероидтар болғаны анықталған. Мұндай заттар шынымен бұлшықетті ұлғайтады, бірақ көңіл-күй ауытқиды, ағза мүшелерінің жұмысын бұзады. Қоспалардың құрамы жанама реакциялар туралы жүздеген хабарлама түскеннен кейін ғана тексерілді.

Қоспалардың кең нарығы жеткілікті зерттелмеген. Олардың бәрі әр адамға пайдалы деуге кепіл жоқ. Жастар арасында зерттеу жүргізілсе де жұрттың бәріне пайдалы дей алмаймыз. Жасы, жынысы, физикалық дайындық деңгейі, денсаулық жағдайы — бәрі нәтижеге әсер етеді. Бір спорт түріне тиімді қоспалар екіншісіне пайдасыз болуы мүмкін. Сондықтан барлық қауіп-қатерді өлшеп, ББҚ-ны тек дәрігердің кеңесімен қабылдау маңызды.

Тамақ қоспаларының пайдасы мен зияны туралы толығырақ ББҚ және дәрумендер туралы мақаламыздан оқи аласыз.

Пайдасы дәлелденбеген қоспалар неге танымал?

Сауда статистикасы көрсеткендей: әлемнің кәсіби спортшылары мен фитнес әуесқойлары қоспалардың күшіне сенеді. Біз, адамдар, кез келген жолмен мақсатқа тезірек жеткіміз келеді. Шешім қабылдауға жарнама, атақты спортшылар мен танымал блогерлердің пікірі әсер етеді — олар біздің ақпарат ортамыз.

Әлеуетті пайдалы қоспалар

Бес заттың жұмыс қабілетіне оң әсер ететіні расталды. Маман ұсынса, олар рационды толықтыра алады. Назар аударыңыз: қоспаның құрамында басқа компоненттер де болуы мүмкін.

Креатин. Бұлшықеттерде жиналып, олардың күшін арттырады. Қысқа мерзімді қарқынды жаттығуларда, жиындар арасындағы демалыс аз болғанда көмектеседі. Спорттық нәтижелерге әсер етіп, жаттығулардағы төзімділікті жоғарылатады. Сприн жүгіру және ауыр атлетикада тиімді.

Кофеин. Бірнеше сағатқа энергия беріп, шаршауды азайтады. Командалық спорт түрлерінде және ұзақ қашықтыққа жүгіруде төзімділікті жоғарылатады. Қарқынды қысқа мерзімді жүктемелерде көмектеспейді. Кофеинге реакция әр түрлі болады. Ересектерге қауіпсіз доза — күніне 400–500 мг дейін. Дозаны асыру жұмыс қабілетін нашарлатып, мазасыздық тудыруы және ұйқыны бұзуы мүмкін.

Натрий бикарбонаты. Көпшілікке ас содасы ретінде белгілі. Бұлшықет күшін төмендететін сүт қышқылының жиналуын азайтады. Қарқынды қысқа мерзімді жүктемелерде нәтижені аздап жақсартады: спринтте, жүзуде, теннисте, бокста. Жанама әсерлерге байланысты жаттығу тиімділігін төмендетуі мүмкін: жүрек айну, құсу, іш ауруы және диарея.

Бета-аланин. Аминқышқылы карнозин өндіруге көмектеседі, ол сүт қышқылының жиналуын азайтып, күшті сақтайды және бұлшықет шаршауын төмендетеді. Бета-аланин қоспалары карнозин деңгейін жоғарылатады, бірақ әсері ағза ерекшеліктеріне байланысты. Кейде командалық спорт түрлерінде нәтижені жақсартады: жүзу, хоккей, футбол. 10 минуттан ұзақ жаттығуларда әсері әлсіз немесе болмайды. Бет, мойын, қол және кеуде аймағында тері қышуы мен шаншуды тудыруы мүмкін.

Нитраттар (азот қышқылының тұздары). Олар топырақта, суда болады және өсімдіктердің өсуі мен дамуына қажет. Адам үшін табиғи нитраттардың негізгі көздері — көкөністер және ауыз су. Қауіпсіз мөлшерде нитраттар пайдалы: ағзада олар азот оксидіне айналып, қан тамырларын кеңейтеді. Бұл қан ағымын жақсартып, бұлшықеттерге оттегі мен қоректік заттардың жетуін жақсартады, шаршауды тудыратын заттардың шығарылуын жылдамдатады. Зерттеулер қызылша шырыны нитраттарға бай екенін көрсетті. Жүгіруде, жүзуде, велоспортта, ескек есудегі төзімділікті жоғарылатады.

Өсімдік тағамының пайдасы нитраттардан болуы мүмкін қауіптерден асып түседі — дәрігерлер күніне 400 г көкөніс пен жеміс жеуді ұсынады. Бірнеше апта бойы күніне екі стакан қызылша шырынын ішу қауіпсіз. Мұндай порцияда нитраттар көкөніс пен жемістің стандартты күндік порциясынан екі есе аз. Қызылша қауіпсіз, бірақ зәрді қызғылт немесе қызыл түске бояуы мүмкін.

Нитраттардың артық мөлшері денсаулыққа зиян. Өнімдердің құрамына назар аударыңыз: нитраттар консервант ретінде қолданылады және жиі ет өнімдеріне қосылады. Қарқынды ауыл шаруашылығы топырақта, суда және өсімдіктерде нитраттардың жиналуына әкелуі мүмкін, сондықтан сапалы азық-түлікті таңдау маңызды.

Спортшылар сусыны немесе су — не таңдау керек?

Арнайы сусындар қарқынды және ұзақ жаттығулар кезінде пайдалы болуы мүмкін: қара сумен салыстырса, оларда көмірсулар мен минералдар бар. Оларды күнделікті су орнына қолданбаңыз — құрамында натрий көп, ол қан қысымын жоғарылатуы мүмкін. Есіңізде болсын: спортшыларға арналған сусындардағы қант — артық калория. Бір сағатқа созылатын қарапайым жаттығу кезінде су ішкен дұрыс. Ол тепетеңдікті сақтауға жеткілікті.

Дәрігер спортшы қоспаларын ұсынды. Ассортиментті қалай таңдаған жөн?

Егер сіз Қазақстанда болсаңыз, мемлекеттік тіркеуден өткен қоспаларды іздеңіз. Ол зертханалық сынақтар БҚҚ құрамында қауіпті заттар мен микробтардың жоқтығын растады дегенді білдіреді.

Ағзаға зиянды көрсеткіштер, қолдану тәсілдері, өнім шығарған ел және өндіруші көрсетілген таңбасы бар қоспаларды таңдаңыз. Қаптамадағы жарамдылық мерзімін тексеріңіз. Өнім құрамы да толық болуы керек.

Сондай-ақ оқыңыз